Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ғалым Сайлау Байзақов өмірден өтті

Опубликовано:

Сайлау Байзақов
Сайлау Байзақов. Фото: facebook.com/economic.research.kz

Қазақтың белгілі ғалымы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Сайлау Байзақов 85 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы Экономикалық зерттеулер институтының сайтында хабарланды.

"Көрнекті қазақстандық ғалым, Экономикалық зерттеулер институтының аңызы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик, еліміздегі ғылыми бағытты - экономикалық-математикалық модельдеуді құрастырушы Сайлау Байзақұлы Байзақов өмірден озды. Ол 85 жаста еді", - делінген институт хабарламасында.

Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, Сайлау Байзаққққов 1961 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін "Математик-есептеуші" мамандығы бойынша бітірген.

Бірнеше жылдан кейін ол Қазақ КСР Мемжоспары жанындағы Ғылыми-зерттеу экономикалық институтына (ERI-дің алғашқы атауларының бірі) аға экономист болып, кейіннен зертхана меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, директор орынбасары және ғылым жөніндегі вице-президент қызметтерін атқарған.

Сайлау Байзақов 1993 жылы "Ұлағат" Қазақ университетінің проректоры, 1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының ректоры болып жұмыс істеген.

Әр жылдары Қазақ КСР Мемжоспары жанындағы Басқару құрылымдарын жоспарлау және жетілдіру процестерін автоматтандыру жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақстан Республикасы Экономика жөніндегі мемлекеттік комитеті жанындағы Ғылыми-техникалық және конъюнкторлық-коммерциялық ақпарат ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бөлімінің бас сарапшысы, Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөніндегі комиссия басқармасы бастығының орынбасары, Климаттың өзгеруі жөніндегі үйлестіру орталығының макроэкономикалық тобының жетекшісі қызметтерін атқарған.

Ол 1985 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Президиумы жанындағы Өндірістік күштерді зерттеу жөніндегі кеңес төрағасының бірінші орынбасары, Қаржы министрлігінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы, еліміздегі ғылыми бағыттың – экономикалық-математикалық модельдеудің құрастырушысы болды.

Халықаралық экономистер одағының, Халықаралық экологиялық қауіпсіздік және табиғатты пайдалану қоғамдық академиясының мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Халықаралық менеджмент академиясының, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Оксфорд академиялық одағының (Ұлыбритания) мүшесі ретінде үлкен жұмыс атқарды.

Қазақстандық экономикалық ғылымның дамуына баға жетпес үлес қосып, 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 12 монография жазып қалдырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028218-ekonomikalyq-matematikalyq-modeldeudin-qurastyrusysy-galym-sailau-baizaqov-omirden-otti/

pixel