Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тыйым салынған бояғыш қосылған "пәкістан шайы" неге әлі күнге дейін дүкен сөрелерінде тұр

Опубликовано:

Пәкістандық шай
Фото: Юлия Савченко

Қазақстандық дүкен сөрелерінен бұған дейін құрамынан тыйым салынған бояғыш заттар анықталған пәкістандық шайларды әлі де кездестіруге болады.

2022 жылдың шілде айында Total.kz ақпараттық агенттігі Тәуелсіз зерттеу зертханасы түйіршіктелген «пәкістандық» қара шайдың "Эмир Premium Gold", "Апамның шәйі Premium Gold" және "Аль-Кайрат Premium Gold" маркаларына талдау жасады.

Басылым деректеріне сай, талдау нәтижелері бойынша шайда қолдануға тыйым салынған тартразин Е102 жасанды бояғыш заты жоғарыда аталған барлық маркада анықталған. 2021 жылы тағы бір тәуелсіз зертханадағы зерттеу нәтижелері түйіршіктелген пәкістандық қара шайдың "Al-Marua Premium", "Эмир чай GOLD", "Al-Jannat GOLD", "Al-Hayat GOLD" және "Орда Пакистан" деп аталатын бірнеше маркасында дәл сол тартразин Е102 жасанды бояғыш затының барын анықтаған.

Бұл тұста Қазақстанда пәкістандық шайларға тыйым салу 2018 жылы басталған. Ол кезде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің баспасөз қызметі Пәкістанда жасалған шайлар техникалық регламенттің «Тағамдық өнімнің қауіпсіздігі туралы», «Тағамдық өнімді маркалау» және «Тағамдық қоспалар, хош иістендіргіштер және технологиялық қосалқы заттар қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» сынды бірнеше талабына сай келмеген. Комитеттің ақпаратына сай, заңнама талаптарына сай келмеген өнімді тәркілеу және жою жұмыстары жүргізіліп, оны елге кіргізу және сатуға тыйым салу бойынша уақытша санитарлық шаралар енгізілген. Алайда бүгінгі таңда Кедендік одақтың техникалық регламенттеріне сай емес «пәкістандық» шайлар Қазақстан базарлары мен дүкен сөрелерінде сатылуда, деп жазады басылым.

Пәкістандық шай
Фото: Юлия Савченко

Десе де бірнеше айдан соң Қазақстан республика аумағына пәкістандық шайды әкелу және сату бойынша уақытша тыйым салуды алып тастаған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің түсіндірмесі бойынша A.A. Mughal General Traders (Пәкістан) өндірген Al Barkat Classic Tea және Premium Gold Tea ("АВА групс LLP" КРК (Пәкістан) өндірген) шайын елге әкелу және сатуға тыйым салу бойынша уақытша санитарлық шара тиісті іс-шаралар жүргізу мен зертханалық зерттеулер нәтижелері туралы мәліметтер негізінде 2018 жылдың 26 қазанында Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен алып тасталған.

NUR.KZ редакциясы 029/2012 КО ТР, Кедендік одақтың Техникалық регламентіндегі Тағамдық қоспалар, дәмдеуіштер, хош иістендіргіштер және технологиялық қосалқы заттар қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды тағы бір мәрте тексеріп, ондағы 9-Қосымшаның 15-тармағында шай құрамында бояуларды қолдануға жол берілмейді деп жазылғанын анықтады.

Бүгінгі таңда Кедендік одақ Техникалық регламентінің бірқатар талабына қайшы келетін «пәкістандық шай» Қазақстанда жаппай сатылуда. NUR.KZ редакциясы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне аталған жайттың мән-жайын анықтау мақсатында сауал жолдады.

Пәкістандық шай
Фото: Юлия Савченко

Қазақстандық тамақтану академиясының өкілдері бүгінде кәсіпкерлер шайды жеткізу туралы өз бетінше келісімшартқа отыратынын және нәтижесінде тұтынушылар қандай өнім алатыны толығымен адал ниетті бизнесмендердің қолында екенін айтады.

"Қазіргі таңда Қазақстанға төмен сападағы ескі шай жапырақтары көптеп келеді. Ол нашар ферменттелген, механикалық түрде терілген, ал бұл шикізаттың бағасының төмендігін көрсетеді, бірақ жақсы табыс көзі. Одан бөлек пайда қуған өндірушілер бұрмалаудың түрлі әдісін қолданады. Олар көп жағдайда жалған сорттауды қолданып, шайдың сыртқы түрін жақсартатын тағамдық қоспаларды, хош иістендіргіштер мен бояуларды пайдаланады", - дейді сарапшылар.

Академиядағылар Кедендік одақтың Техникалық регламентіне сай шайға бояғыш зат қосуға тайым салынғанын растап отыр.

"Кейбір ғылыми жарияланымдарда ұдайы азобояғыштары бар тағамдарды тұтыну аллергиялық әсерлердің, қан аздықтың, гематурияның, бүйрек, бауыр ауруларының туындауына әкелуі мүмкін. Болжам бойынша азобояғыштардың улылығы олардың ыдырауына байланысты болуы ықтимал. Шай өндірісінде бояғыш заттарды қолдануға жол беруге болмайды және бұл ҚР тағамдық заңнамасын бұзу болып саналады. Бояғыш заттарды рұқсат етілген тәуліктік мөлшерінен асыра пайдалану халық денсаулығының нашарлауына әкеледі", - деп қорытындылады ҚР Тағамтану академиясы өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028937-tyiym-salyngan-boyagys-qosylgan-pakistan-saiy-nege-ali-kunge-deiin-duken-sorelerinde-tur/

pixel