Кәрім Мәсімов терроризмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалардың тізіміне енген
Жарияланған күні:
Читать на русскомҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның бірнеше орынбасарлары терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалардың тізіміне енді. Тізім Қаржы мониторингі ресми сайтында жарияланды.
Құзырлы орган жариялаған мәліметтерге сәйкес Мәсімов Кәрім Қажымқанұлы 2023 жылғы 1 шілдеде терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалардың тізіміне енгізілген.
Дәл осы күні аталған тізім қатарына Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин де кірген.
Бұл ретте аталған тізімді жүргізетін Қаржы мониторингі агенттігінің ресми сайтында белгілі бір тұлғаларды тізімге енгізуге қатысты ұсынымдар берілген.
Жеке тұлғаны тізімге енгізу үшін негіздердің бірі заңды күшіне енген және оны террористік немесе экстремистік қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп таныған сот үкімі болып саналады.
Террорлық қылмыстарға қатысты бап Қылмыстық кодекстің 3-бабының 30-тармақшасында, экстремистік қылмыстар Қылмыстық кодексінің 3-бабының 39-тармақшасында көрсетілген.
"Қаржы мониторингі агенттігі жеке және заңды тұлғаларды тізімге енгізу ұшін жеке бастама көтермейді", - делінген ресми сайтта.
Сондай-ақ, тізімге енгізілген тұлғаларға ақша мен мүлікке билік ету түріндегі белгілі бір шектеулер қолданылатыны атап өтілген.
ҚМА ақпаратынша, тізімдерігіңдердің ең алдымен банк шоттарын бұғатталады. Сондай-ақ бұл рәсім осы тізімге енгізілген сәттен бастап 24 сағат ішінде жүзеге асырылады және оны тікелей екінші деңгейдегі банктің өзі жүзеге асырады.
Еске салайық, 24 сәуірде Астана сотында Кәрім Мәсімовке қатысты сот үкімі шыққанын хабарлаған едік. Ол 18 жылға сотталды.
Сотта Мәсімов пен оның орынбасары Садықұловқа мемлекетке опасыздық жасау (ҚК-тің 175-бабының 1-бөлігі), билікті күшпен басып алу (ҚК-тің 179-бабының 3-бөлігі) және билік пен лауазымдық өкілеттігін (ҚК-тің 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы) асыра пайдалану бойынша кінәлі деп танылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028993-karim-masimov-terrorizmdi-qarzylandyruga-qatysy-bar-tulgalardyn-tizimine-engen/