Денсаулық сақтау министрлігі "сұлулық уколын" сүйетіндерге үндеу жасады
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрлігі косметологтардың көмегіне жүгінер кезде олардан сертификат талап етуге шақырды. Мамандар мұның бұл ботулинотерапияның танымалдылығының артуына байланысты екенін айтты, деп хабарлайды ведомство ресми сайтында.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, соңғы жылдары қыз-келіншектер арасында арнайы дәрілік препараттардың негізінде инъекциялық ем-шаралар қолданылатын ботулинотерапия (ботокс) кеңінен сұранысқа ие болуда.
Бұл "сұлулық инъекциялары" терінің патологиялық өзгерістерін жасарту және жою мақсатымен экстетикалық медицинада жиі қолданылады.
Бірақ ведомство мамандарының айтуынша, косметологиялық клиникаларға барған кезде қыз-келіншектер ботокстың жарамдылық мерзіміне және ең бастысы Қазақстанда осы құралдың тіркелгеніне назар аудара бермейді.
"Бүгінгі күні дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіліміне сәйкес Қазақстан Республикасында ботулинотерапияда қолдануға арналған 12 дәрілік зат тіркелген. Олар "Ботулакс", "Ксеомин", "Вистабель", "ФОРТОКС®️", "Диспорт®️", "Нейронокс" сауда атауларымен ұсынылған. Бұл дәрілер дәрігердің рецепті бойынша қатаң түрде беріледі", – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.
Ведомство еліміздің заңнамасында рецепт бойынша берілуі тиіс дәрілік заттарды рецептсіз сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске салды. Дәрілік заттардың заңсыз айналымы үшін тек әкімшілік емес, сонымен қатар қылмыстық жауапкершілік те көзделген.
Министрлік мамандары инъекцияларды өз бетінше енгізбеуге, тек қана сертификатталған мамандардың қызметтерін пайдалануға және елімізде тіркелген, дәрігердің рецебі бойынша жазылған дәрілік заттарды ғана сатып алуға кеңес берді.
Медицина қызметкерлері ұйымның таңдалған ем-шараларды жүргізуге лицензиясы бар екеніне көз жеткізу де маңызды екенін ескертті.
Оны мына жерден көре аласыздар.
Еске салайық, бұған дейін алматылық дәрігер перманентті макияж денсаулыққа қалай әсер ететінін айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029393-densaulyq-saqtau-ministrligi-sululyq-ukolyn-suietinderge-undeu-zasady/