Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Антикор елімізде жемқорлықтан көш бастап тұрған саланы атады

Опубликовано:

Ақша ұстап тұрған әйел
Ақша ұстап тұрған әйел. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда білім саласында 100-ден астам қылмыстық іс тіркеліп, алдын ала болжам бойынша шығын көлемі 8 млрд теңгеге жуық қаражатты құраған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Telegram-дағы ресми жаңалықтар арнасында хабарлады.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің негізгі бағыттарының бірі ретінде Жемқорлық тәуекелдерінің картасы қолданылады. Бұл туралы агенттік төрағасы Асхат Жұмағали 6 айдың қорытындысы бойынша алқа отырысында айтты.

Осылайша картаны іске асыру кезінде жемқорлық тәуекелдеріне білім беру саласында сыртқы талдаулар жүргізілді", - делінген хабарламада.

Асхат Жұмағалидің сөзінше, Антикор қызметкерлері жұмыс әдісін толық өзгерткен.

"Біз үшін "адам орталықтылығы" қағидаты басымдыққа ие. Мемлекеттік органдар азаматтардың өмірін жақсартуға баса назар аударуы тиіс. Осыған сүйене отырып, Агенттік жұмыстағы тәсілдерді түбегейлі қайта қарады. Жемқорлық тәуекелдерінің карталары басты бағдар болды", - деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали.

Ведомство мәліметінше, білім беру саласында ауқымды жемқорлыққа жағдай жасайтын жүйелі проблемалар белгіленген.

"Агенттіктің интеграцияланған талдауды пайдалануы жемқорлық схемаларын ішінен егжей-тегжейлі зерделеуге мүмкіндік берді, соның арқасында бүкіл республика бойынша жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау шеңберінде білім беру саласындағы тұтас қылмыстық схемалар ашылды", - деп жазды агенттік Telegram-дағы ресми арнасында.

Агенттіктің хабарлауынша, Алматы, Шымкент және Талдықорған қалаларының, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының білім беру саласындағы лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер тексеріліп, тергелуде.

Осылайша мектеп бухгалтерлері мен директорлары бухгалтерлік есеп жүйелерін қазынашылықпен және басқа мәліметтер базасымен интеграциялаудың жоқтығын пайдаланып, бюджет қаражатын жымқырған.

Антикор ақпаратынша, бүгінде Қазақстан бойынша білім беру саласында 102 қылмыстық іс тіркеліп, алдын ала болжам бойынша елге 7,9 млрд теңге шығын келтірілген.

Жалпы, талдау нәтижелеріне сәйкес, әр түрлі салада жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 1100-ден астам ұсынымдар әзірленді, бүгінде олардың 33 пайызын мемлекеттік органдар орындады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029491-antikor-elimizde-zemqorlyqtan-kos-bastap-turgan-salany-atady/

pixel