"32 мыңға жуық студентке орын жоқ": елімізде жатақхана мәселесі қалай шешілуде
Жарияланған күні:
Студенттерге арналған көпорынды жатақханалар тамыз-қыркүйек айларында қолданысқа беріледі. Жастарды жатақханамен түгел қамту үшін қонақ үйлер, сондай-ақ хостелдермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды "Алматы" арнасы.
"Өткен жылдың тамызында 87 мың төсек орын тапшылығымен қабылдадық. Осы 8-9 айдың ішінде оны 55 мыңға дейін түсірдік. Бірнеше бағытта жұмыс істедік. Бірінші инвесторларды тарту үшін біздің қаржы орталығымыздың субсидияның нормативтері өзгертілді.
Екіншіден әр жоғары оқу орнының өз нақты жоспары жасалды. Төсек орын тапшылығы айқындалды. Сондықтан жыл сайын 10 мың төсек орнын салатын құрылысты бастап кеттік", - деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Арна мәліметінше, министр қала орталығындағы бизнес нысандарды реконструкциялау арқылы жатақханаға айналдыру мәселесінің қаралып жатқанын айтқан. Өзінің құндылығын жоғалтқан кәсіп иелерін ведомство басшысы пайда көре отырып, жастарға қол ұшын созуға шақырды.
"Алматыда 35 оқу орнында білім алатын 180 мыңнан астам студент бар. Қалада қазір жалпы саны 98 жатақхана қолданыста, бірақ тағы 32 мыңға жуық студентке орын жоқ. Енді жауапты ведомство өкілдерінің бастамасымен бірнеше жоба қолға алынған. Жүзеге асырылып жатыр", – деді "Қаржы орталығы" АҚ қалалық филиалының директоры Ұлан Өтебаев.
Айта кетейік, осыған дейін ғылым және жоғары білім министрлігі үкіметке әлеуметтік көмекке мұқтаж студенттердің жатақхана ақысын, яғни жылына 29 АЕК-тен аспайтын шығындарын өтеуді ұсынған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029656-32-mynga-zuyq-studentke-oryn-zoq-elimizde-zataqxana-maselesi-qalai-sesilude/