Алматы маңындағы сауда орталығында 4 жасар қыз баланы теуіп құлатқан ер адам ұсталды (видео)
Жарияланған күні:
Алматы іргесіндегі сауда орталығында кішкентай қызды теуіп құлатқан ер адам ұсталды. Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктінің Түркия азаматы екенін хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Оқиғаның видеосы Telegram-дағы EGOV.PRESS арнасында пайда болды.
Кадрдан ер адам мен әйелдің сауда орталығында коляскамен кетіп бара жатқанын, бір кезде оларға кішкентай қыздың жүгіріп келгенін байқауға болады. Сол кезде ер адам бүлдіршінді аяғымен теуіп жібереді, қатты соққыдан қыз бала еденге ұшып түседі. Осыдан кейін ер адам коляскадағы басқа баланы көтеріп, кетіп қалады.
Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға кеше, 23 шілдеде болған.
Ведомство хабарлауынша, Қарасай ауданының полицяи басқармасына 1996 жылы туған әйел арызданған. Оның айтуынша, сауда-ойын-сауық орталығында белгісіз адам 2019 жылы туған қызына дене жарақатын салған.
"Аталған факті аудандық полицияда Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі "Бұзақылық" бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары 1998 жылы туған Түркия Республикасының азаматын анықтап, полицияға жеткізді", – дейді Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
Полиция күдікті жауап алу барысында кінәсін толық мойындағанын атап өтті. Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Сондай-ақ құзрлы орган сараптама тағайындалып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын, тергеу мүддесіне байланысты баса ақпарат жария етілмейтінін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029884-almaty-manyndagy-sauda-ortalygynda-4-zasar-qyz-balany-tepken-er-adam-ustaldy-video/