Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысында мектеп формасының жәрмеңкесі өтеді

Опубликовано:

Қызылорда облысында мектеп формасының жәрмеңкесі өтті
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тамыз айы таянды дегеннен ата-аналар мен бала біткеннің барлығы базар аралап, жаңа оқу жылына даярлық жұмыстарына кіріседі. Жаппай науқанның жайын жақсы түсінген кәсіпкерлер де атаулы айда халық сұранысын мүлтіксіз қамтамасыз етуді мақсат тұтады.

Сұраныс бар жерде таңдау да, талас та болатыны сөзсіз. Баға мәселесі де осы уақыттарда күн тәртібінің түйіткілді түйініне айналатыны жылдағы үрдіс. Алайда ашық сауда айналымдарындағы қолдан қымбаттатушылық, жетіспеушілік жағдайлары орын алмау үшін біршама жүйелі қадамдар алдын ала жасалмақ.

Солардың бірі - мектеп маусымына дайындық уақытында ұйымдастырылатын жәрмеңкелер легі. Бұл жайлы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Қаюпов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне баяндады.

Ол өз сөзінде, "Оқушылардың мектеп формасына арналған жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат – ата-аналардың алысқа бармай-ақ балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден алуын қамтамасыз ету және қажетті заттарды төмен бағада тұрғындарға ұсыну болып табылады. Қалада ұйымдастырылатын жәрмеңке Қорқыт ата көшесі, 55 "Small" сауда орталығының алаңында өтеді. Жәрмеңке сөрелеріне қойылатын барлық тауарлар төменгі бағада және жоғары сапада сатылымға шығады. Осы орайда барша облыс тұрғындарын жәрмеңкеге белсене қатысуға шақырамыз!", – деді Азамат Қаюпов.

Қызылорда облысында мектеп формасының жәрмеңкесі өтті
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жалпы республикалық "Мектепке жол" акциясы аясында облыс орталығында 5-30 тамыз күндері мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтар жәрмеңкесі өтеді деп жоспарлануда. Ал аудандарда атаулы акция тамыз айының 16-21 күндері аралығында ұйымдастырылатын болады. Жәрмеңкенің жоғары деңгейде өтуі мен бұқара сұранысына арзан баға және сапалы тауар ұсыну үшін қаламыздағы бірнеше кәсіпорын қатынасатын болады. "Ас-Ка" ЖШС, "Ақжүрек мүгедектер қоғамы" ҚБ, "Айша-бибі" тігін цехы және қаламыздағы басқада кәсіпкерлер ниетті екенін жеткізді. Атай кетуіміз керек жәрмеңкелерде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Қызылорда облысында мектеп формасының жәрмеңкесі өтті
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Биылғы жәрмеңке жұмысына атсалысатындардың бірі - "Ас-Ка" ЖШС цехы. Аталмыш ұйым 3 жылдан бері мектеп формаларын тігумен айналысып келеді. Цех қызметкерлерінің жоспары бойынша бұл жолғы жәрмеңкеде қараша таңдауына 7-8 мың өнім ұсыну күтілуде.

Қызылорда облысында мектеп формасының жәрмеңкесі өтті
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

"Біздің цех 2007 жылдан бері тігін тігумен айналысып келеді. Бірақ 2014 жылдан бастап өндіріс саласына бет бұрып, арнайы киімдерді тігуге тапсырыс қабылдадық. Қазіргі таңда цехта арнайы киімдерден бөлек, мектеп формаларына да тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Осыған орай қаланы ғана емес, барлық ауданды өзіміз аралап, қолжетімді бағадағы өнімдерімізді жұртшылыққа ұсынуды жөн көрдік. Биыл да ұйымдастырылатын жәрмеңкеге 7-8 мыңнан астам өнімді сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз", – деді "Ас-Ка" ЖШС директоры Дина Махатова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030047-qyzylorda-oblysynda-mektep-formasynyn-zarmenkesi-otti/

pixel