Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Еңкейіп өтеміз": Алматы облысында газ құбыры аласа салынған көше тұрғындары жанайқайын айтты

Опубликовано:

газ құбыры
Аласа салынған газ құбыры. Видеодан кадр: Almatytv.kz

Алматы облысының Іле ауданына қарасты елдімекен тұрғындары 1 жарым метр биіктікте жүргізілген газ құбыры өміріміз үшін қауіпті деп алаңдайды. Жауапты мекеме мамандары ақысы төленсе ғана мәселе шешілетінін айтқан. Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлады.

Телеарна дерегінше, газ құбырының аласа салынғаны түсірілген видео желіге жүктелгелі, жұрттың таңданысын тудырып қызу талқыға түскен. Іле ауданына қарасты Ардагер-Ветеран саяжайында орналасқан бұл көшеде, көгілдір отын өтетін құбырдың аласа екені анық көрінеді.

"Еңкейіп өтеміз. Тиісті компанияға барып, ескерттік. Қайта жөндеу үшін 1 млн теңге сұрады. Өрт болған жағдайда, барлық үй бір секундта жанып кетеді ғой", - деді саяжай тұрғыны Мадина Қыдырбаева.

Тілшілер мәлім еткендей, ауылға алғаш көшіп келген тұрғындардың бірі жерді сатып алмас бұрын құбыр тартылғанын айтты. Алайда адам саны көбейген соң жауапты компанияға барып, жауап ала алмаған.

"Құбырды қайта жөндеу жобада көрсетілмегендіктен, жасамайтынын айтты. Менің жасым 65-тен асқан. Менен басқа да зейнеткер көп. Кішкентай балалар бар", – деді саяжай тұрғыны Раушангүл Айшуақова.

Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі "саяжай тұрғындарының түйткіліне тікелей араласа алмайтындарын жеткізген. Бірақ аласа жүргізілген газ құбырының қауіпті екенін растайды. Сондықтан шағым түссе реттейтінін айтып, сендірді.

"Тұрғындардан ешқандай шағым түскен жоқ. Айта кететіні ол 2011 жылы газ құбыры жасалған, 2014 жылы жер учаскелері тартылған. Содан бері ешкімнен шағым түспеген. Мен жергілікті билік ретінде "газ құбыры қауіпсіз" деп айта алмаймын. Маман емеспін, тиісті мекемеге хат жолданды", - деді Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жасұлан Оңалбаев.

Телеарна мәліметінше, аталған аймаққа газ құбырларын тартумен айналысатын серіктестік мамандары ақысын төлесе көтеріп, жасап бере алатынын айтқан.

"Халық өтініш беруі керек. Содан соң барып, шығынды есептейміз. Мүмкін 150 мың болады. Бірақ "ҚазТрансГаз" газды өшіру құнын өзі есептейді", – деді газ құбырын орнату компаниясының маманы Дәулетбай Ержанов.

Телеарна ақпаратынша, биіктігі 1м 30 см болатын құбыр ауылдан жарты шақырым жерге дейін тартылған. Тіпті, кейбір жерлерде жердің астымен де өткізген. Ал аласа газ құбырын биіктету үшін көше тұрғындарының бірі қалмай арыз жазуы керек екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030791-enkeiip-otemiz-almaty-oblysynda-gaz-qubyry-alasa-salyngan-kose-turgyndary-zanaiqaiyn-aitty/

pixel