Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Лифт шахтасының қатысы жоқ": лифтшілер қауымдастығының президенті Ақкенттегі өрттің себебі жайлы айтты

Опубликовано:

Ақкенттегі өрт шыққан тұрғын үйдің іші
Ақкенттегі өрт шыққан тұрғын үйдің іші. Оқиға орны Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаев Алматыдағы "Ақкент" ықшамауданында орналасқан 16 қабатты үйдегі өрт лифт шахтасындағы кабельдердің тұтануы салдарынан шыққан деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Басылым мәліметінше, Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаев кеше БАҚ-та "Ақкент"тұрғын үй кешеніндегі өрт лифт шахтасындағы кабельдің қысқа тұйықталуынан шықты деген ақпарат тарағанын атап өтті.

"Бүгін біз Қазақстан лифтшілерінің ұлттық қауымдастығы ретінде оқиға орнына келдік. Анықталғандай, лифт шахтасы өрт ошағы емес, лифт жабдықтары қалыпты жұмыс істеп тұр", - дейді Ержан Игібаев.

Оның айтуынша, өрттің себебі басқа жерде жатыр. Бұл - аспаптық қорапта орналасқан негізгі электр кабеліндегі қысқа тұйықталу.

"Мәселе лифт жабдықтарының өзінде деп айту қате. Бұл - алдын ала болжам. Біз әзірге ештеңе айта алмаймыз, өйткені белгілі бір сараптамалар жүргізілуі керек. Осыдан кейін оның нақты себебі белгілі болады. Бірақ лифт шахтасы мен лифтілердің бұл оқиғаға еш қатысы жоқ деп айта аламын", - деді ол.

Агенттік хабарлауынша, Ержан Игібаев бүкіл үйлерде кабиналық лифтілер отқа төзімді болуы керек деп есептейді. Ол маман ретінде құрылыс салушыларға жаңа үйлердің құрылысында отқа төзімді есіктерді пайдалануды ұсынады.

Қауымдастық президенті бұл нормаларды құрылыс компаниялары сақтай бермейтінін, Алматыдағы тұрғын үйлердегі лифтілердің 70 пайызы өрт қауіпсіздігі шараларына сай келмейтінін айтты. Ол көп үйлерде отқа төзімді емес, қарапайым есік орнатылғанын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031037-lift-saxtasynyn-qatysy-zoq-liftsiler-qauymdastygynyn-prezidenti-aqkenttegi-orttin-sebebi-zaily-aitty/

pixel