Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы ауруханасында АИТВ жұқтырған: Бас прокуратура елдегі медициналық мекемелерді тексеруді тапсырды

Опубликовано:

Аурухана
Аурухана іші. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Бас прокуратура АИТВ жұқтыруына байланысты еліміздің медициналық мекемелерін тексеруді тапсырды. Бұл туралы Қазақстанның Бас прокуратурасының ресми сайтында хабарланды.

Ведомствоның хабарлауынша, Алматы қаласының орталық қалалық клиникалық ауруханасында үш пациенттің АИТВ инфекциясын жұқтыру фактісі бойынша ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 118-бабының 3-бөлігі (екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру) бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруде.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін шаралар қабылдануда.

Ведомство ақпаратынша, Қазақстанда соңғы 10 жылда медициналық мекеме жағдайында вирусты жұқтыру алғаш рет тіркелген.

"Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу мақсатында Бас прокуратура Денсаулық сақтау министрлігіне стационарлық, амбулаториялық-емханалық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін ведомстволық бағынысты медициналық мекемелерде кешенді тексерулер жүргізу туралы талап жіберді", - делінген хабарламада.

Бас прокуратура мәліметінше, бірінші кезеңде 549 медициналық мекемені тексерулермен қамту жоспарлануда.

Ведомствода бұл мәселе Бас прокурордың ерекше бақылауында деп атап өтті.

Алматыдағы АИТВ-инфекциясын жұқтыру жағдайы

Еске сала кетейік, биыл маусым айында Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында үш пациенттен АИТВ инфекциясы анықталған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі аталған факті бойынша тексеру жұмыстарын бастаған еді.

Тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша АИТВ-инфекциясын таратқан болуы мүмкін пациент анықталған.

Сондай-ақ Алматыда үш пациенттің АИТВ-инфекциясын жұқтыру фактісі бойынша эпидемиологиялық тексеру аяқталған болатын.

Оның қорытындысы бойынша Орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері жұмыстан шеттетіліп, тағы бірнеше қызметкер қызметінен босатылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031161-aitv-zuqtyru-maselesi-bas-prokuratura-eldegi-medicinalyq-mekemelerdi-tekserudi-tapsyrdy/

pixel