"Қауіпсіздік талаптары сақталмаған": прокуратура балалар лагерлеріне тексеріс жүргізді (фото)
Жарияланған күні:
Алматы облысында 22 балалар лагерінің сегізі өз қызметін уәкілетті органдардың рұқсатынсыз қызметін атқарған. Прокуратура мәліметінше, олар санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы ережелерді бұзған. Бұл туралы Бас прокуратураның Telegram-дағы ресми арнасында хабарланды.
Ведомствоның хабарлауынша, әрбір екінші балалар мекемесінің ойын және спорт алаңында қауіпсіздік талаптары сақталмағаны анықталған. Ал ескі жатын-орындары күрделі жөндеуді қажет етеді.
Бұл ретте 4 балаға арналған бөлмелерде іс жүзінде 8 немесе одан да көп адам орналастырылған.
"Бәйтерек" (Қонаев қаласы) лагерінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың талаптарына қайшы, балалардың демалысы мен білім алуы дұрыс ұйымдастырылмаған. Қапшағай су қоймасында балалардың суға түсуі кезінде қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген", - делінген хабарламада.
Ведомство ақпаратынша, оған қоса аталмыш лагерь директоры жұмыс орнында мас күйінде болған. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Тексеру қорытындылары бойынша балалар лагерлері әкімшілігінің кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауына байланысты Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031317-qauipsizdik-talaptary-saqtalmagan-prokuratura-balalar-lagerlerine-tekseris-zurgizdi-foto/