"Миллиондаған ақша салдық": Атырауда құрылыс компаниялары 300-ден аса салымшыны алдап кеткен (фото)
Жарияланған күні:
Атырауда құрылысы орта жолдан тоқтап қалған 4 бірдей тұрғын-үй кешенінің 40-қа жуық салымшылары облыстық соттың алдына жиналды. Пәтерсіз далада қалған үлескерлер істің әділ шешілуін, миллиондап салған ақшаларын кері қайтаруды талап етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Атамекен тұрғын үй", "Baisanat Residence" және "Saraishyq Invest Group" компанияларының 4 бірдей нысандарының құрылыстары орта жолдан тоқтап қалған. Құрылысы 2019 жылы басталған "Байсанат", "Saraishyk", "Qazanat", "Family Town" тұрғын-үй кешендері 2021 жылы берілуі тиіс еді.
Алайда, аталмыш компаниялар нысандарды салуға құжат та, әкімдіктен рұқсат та алмаған болып шықты. Алданған 300-ден астам салымшылар құрылыс компанияларынан өз ақшаларын қайтара алмай жүр.
"Мен 2019 жылы "Saraishyk" тұрғын-үй кешенінен 27 млн теңге тұратын 3 бөлмелі пәтерді сатып аламын деген ниетпен ақша салдым. Содан бері 4 жыл өтті ешқандай үй де, ақша да жоқ. Біз 9 ай бұрын полицияға арыз бердік, алайда тергеу жұмыстары қалай жүріп жатқаны бізге ашық емес.Естуімізше біздің ақшамызды алған құрылыс компаниясының құрылтайшылары үйқамақта жүрген көрінеді. Сонда олардың ешқандай кінәсі болмағаны ма? Біз тергеудің ашық болуын сұраймыз,- дейді үлескерлердің бірі Жоламан Кухаев.
Тағы бір тұрғын Шара Тасимова жаңа үй алу үшін құрылыс компаниясына өзінің тұрып жатқан пәтерін сатқан.
"Жаңадан салынатын "Байсанат" тұрғын-үй кешеніне өз пәтерімді салдым. Сөйтіп 30 миллонға бағаланған болашақ пәтерімнің жарты ақшасын төледім. Қазір далада қаңғып қалдым десе де болады. Үй жалдап жүрмін. Балаларым, үйде үлкен кісілер бар. Сонда қаланың ортасынан 4 бірдей тұрғын үй кешені салынып жатқанда оларды ешкім көрмеді ме? ГАСК, Мемлекеттік сәулет-құрылыс комитеті қайда қарады?", - деп ашынды Шара Тасимова.
Тұрғындардың айтуынша, салымшылар "Байсанат" ТҮК өзіне 1,5 млрд қаржы салған. Алайда 9 қатарлы болу керек үйдің тек 3 қатары ғана көтерілген. Сонда қалған ақшамыз қайда кетті, бізге жауап беретін ешкім жоқ, деп ашынды тұрғындар. Сондай-ақ олардың сөзінше "Байсанат" ТҮК-де тіпті 1 пәтерді құрылыс компаниясы 2-3 адамға сатқан.
Халық жиналған жерге Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бексұлтан Сатимов келіп, тұрғындарға жиналудың заңсыз екенін ескертті.
"Бейбіт жиналыстарды өткізу мен ұйымдастырудың тәртібі бар. Бұл жөнінде жергілікті атқарушы органға мән-жайды көрсетіп хабарлама беру керексіздер. Хабарламаға 3 күн ішінде жауап беріледі. Сол себепті бұл жерден тарауыңызды сұраймын. Жиналу заңсыз, бұл үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қаралғанын ескертемін",- деді әкімдіктің өкілі.
Әбден ашынған халық облыстық сот алдына еріккеннен жиналмағанын, мәселесін биліктегілер естісе екен деген нитепне жиналғанын айтады.Тұрғындар құрылыс жұмыстарына инвестор тартып жалғастыруды немесе ақшаларын толық қайтаруды сұрайды.
Авторы: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031345-milliondagan-aqsa-saldyq-atyrauda-qurylys-kompaniyalary-300-den-asa-salymsyny-aldap-ketken-foto/