Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы Ақкентте болған өрт: Әлихан Смайылов үйді қалпына келтіруді тапсырды

Опубликовано:

Алматыдағы "Ақкент" тұрғын үйі
Алматыдағы "Ақкент" тұрғын үйі. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Сенбі, 5 тамыз күні, премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматыдағы "Ақкент" тұрғын үй кешенінде болған өрттің салдарын жою мәселесі қаралды. Бұл туралы Primeminister.kz ресми сайтында хабарланды.

Ведомствоның хабарлауынша, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов 16 қабатты үйдің кіреберісіндегі түтін туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына дереу екі бөлімше жіберген.

Қаладағы көлік кептелісіне қарамастан, алғашқы өрт сөндірушілер оқиға орнына 8 минутта жеткен. 30 минут ішінде ол жерге 15 техника мен жеке құрамнан 75 адам жиналды.

"Өрт сөндірушілер 80 адамды, оның ішінде 35 адамды арнайы құтқару бас киімінің көмегімен құтқарып  қалды.  Жалпы өрт сөндіру жұмыстары бір жарым сағатқа созылды. 4 тамыздағы жағдай бойынша 5 адам медициналық мекемелерде стационарлық ем шараларын қабылдап жатыр", — делінген хабарламада.

Министр өрт сөндірушілер жұмысының бірқатар факторға байланысты күрделене түскенін айтты. Мәселен, автокөліктер аула ішіне қойылғандықтан, өрт сөндіру техникасына оқиға орнына келуге қиын болған. Сондай-ақ балкондардағы шұғыл эвакуациялауға арналған апаттық люктер жабық болған.

Ведомство ақпаратынша, өрттің себептерін анықтау үшін бірқатар сараптама тағайындалды. Тергеу аяқталғаннан кейін тиісті процессуалдық шешімдер қабылданатын болады.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы айтып берді. Атап айтқанда, кіреберістер мен зардап шеккен пәтерлерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар тұрғындарды уақытша басқа жерге орналастыру (пәтер жалдау) бойынша шығындарды өтеу көзделген.

Премьер-министр көпқабатты үйлерде өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын өзектендіріп, сондай-ақ тұрғын үй инспекцияларының жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.

"Төтенше жағдайлар министрлігі өткізіліп жатқан оқу-жаттығулар аясында халықтың өрт кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауы тиіс", — деді Смайылов.

Сонымен қатар премьер-министр барлық өңірде үй орамдарының инфрақұрылымын дайындау және оларды абаттандыру кезінде шұғыл қызметтердің қозғалысын да ескеру қажет екенін айтты, өйткені "Ақкент" тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде ауладағы автомобильдер мен биік бордюрлар өрт сөндіру техникасының жұмысына кедергі келтірді.

Ведомство мәліметінше, Әлихан Смайылов тұрғындарды үйлеріне тезірек қайтару үшін қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді, өртке қарсы талаптарды сақтау бойынша жаңа көпқабатты үйлерге тексеру жүргізуді, сондай-ақ республика бойынша ТЖМ бөлімшелерінде жыл сайын техника жаңарту кезінде биік ғимараттарда жұмыс істеу үшін арнайы техника қажеттілігін ескеруді тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031381-almatydagy-aqkentte-bolgan-ort-alixan-smaiylov-uidi-qalpyna-keltirudi-tapsyrdy/

pixel