Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талдықорғанда полицейлерден қашпақ болған жүргізуші қомақты айыппұл арқалады (видео)

Опубликовано:

Видеоға түсіп қалған құқық бұзушылық
Құқық бұзушының полицейлерден қашқан сәті. Кадрдан үзінді: Instagram / @zhetysu.police

9 тамыз күні Талдықорғанда полицейлерден қашпақ болған жүргізуші видеоға түсіп қалды. Бұл туралы Жетісу облысы полиция департаментінің Instagram-дағы ресми парақшасында хабарланды.

Ведомство мәліметінше, 9 тамызда Абай көшесімен келе жатқан Lada Granta көлігі полицейлердің күдігін тудырған. Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушіден тоқтауын талап еткенімен, күдікті ізін суытуға тырысып, бағдаршамның тыйым салынған белгісін елемей, аса жоғары жылдамдықпен көше қиылыстарынан өткен.

Алайда оның бұл әрекеті сәтсіз аяқталып, полицейлер бірнеше көшеден кейін ер адамды ұстап, қалалық полицияға жеткізген.

"Ұсталған азамат 37 жастағы Текелі қаласының тұрғыны болып шықты. Деректер базасын тексеру кезінде шілде айында ер адам Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 613 бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Бүгінде оның үстінен бес әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Ұсталған азаматтың көлігі арнайы тұраққа қойылды", – деді Талдықорған қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция бөлімінің командирі Руслан Примжанов.

Сондай-ақ желі қолданушылары полицейлерден жасырынбақ болған жүргізуші қашу кезінде сол не оң жаққа бұрылу туралы хабар ететін артқы шамын (поворотник) қосқанын байқаған.

"Поворотнигін қосады екен, жарайсың", "Бастысы поворотник қосуды ұмытпаған", – деп жазды пікір білдірушілер.

Ведомство ақпаратынша, полицейлерден қашу әрекеті үшін көлік жүргізушісіне 500 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.

Құқық бұзушы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің мынадай бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

  • 599 бабы 1-бөлігі ("Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту");
  • 606 бабы 1-бөлігі ("Жолда апаттық жағдай туғызу");
  • 596 бабы 5-бөлігі ("Көлік құралын басқару құқығынан айырылған не ондай құқығы жоқ адам жасаған әрекет");
  • 613 бабы 3-1-бөлігі ("Көлік құралдарын басқару құқығы жоқ не басқару құқығынан айырылған адамның көлік құралын тоқтату туралы полиция қызметкерінің заңды талабын орындамауы");
  • 612 бабы 4-1-бөлігі ("Жеке басын куәландыратын құжаты немесе жүргізуші куәлігі жоқ адамның көлік құралын басқаруы").

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032190-taldyqorganda-policeilerden-qaspaq-bolgan-zurgizusi-qomaqty-aiyppul-arqalady-video/

pixel