Жемқорлық себеп болды: Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу қиындай түсті
Жарияланған күні:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ішкі істер министрлігімен бірлесіп арнайы ХҚКО қызметіне мониторинг жүргізіп, онда анықталған заңсыздықтар емтихан тапсыру ережелеріне өзгерістер енгізуге себеп болды. Бұл туралы Антикор Telegram-дағы ресми арнасында хабарланды.
Ведомствоның хабарлауынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында автокөліктерді заңсыз тіркеу және жүргізуші куәліктерін заңсыз беру жағдайлары анықталды.
"Ақпараттық жүйелердің осалдығы, процесстердің жеткіліксіз цифрлануы, автокөлікті тіркеу рәсімінің жетілмегендігі, емтихандарды қабылдау рәсіміндегі құқықтық олқылықтар, автомектептерде атүсті оқыту – осы факторлардың барлығы заңсыз делдалдық қызметтердің пайда болуына ықпал етті", – делінген ведомство хабарламасында.
Мониторинг нәтижесі бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі уәкілетті мемлекеттік органдардың атына 22 ұсыныс жолдаған. Бүгінде ұсыныстардың жартысынан көбі орындалған.
"Мәселен ІІМ өзінің барлық аумақтық бөлімшесінде автокөлік құралдарының дерекқорын түзетуге қолжетімділікті шектеді.
Сонымен қатар Ішкі істер министрінің бұйрығымен жүргізуші куәлігін беру рәсімі күшейтілді. Онда емтиханнан өтушілердің міндетті биометриясы мен тестілеудің барлық процессін бейнетіркеу енгізілді және емтихандарды қайта тапсыру регламенті өзгертілді", – делінген хабарламада.
Ведомство ақпаратынша, арнайы ХҚКО мен IІМ-де пилоттық режимде жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылған. Жүйеде автомобильдердің деректерін, міндетті төлемдер мен алымдарды, айыппұлдарды автоматты цифрлық салыстыру тетіктері көзделген, кез келген түзетулер үшін мүмкіндіктер алынып тасталды.
Сондай-ақ арнайы ХҚКО қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілері қатарына жатқызу ұсынылды. Заң жобасы парламентте қаралуда.
"Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мамандандырылған ХҚКО-ларда әлі құжаттарды ресімдеуге көмек ұсынатын тұлғалар болуы мүмкін. "Көмекшілердің" заңсыз қызметтеріне жүгінбеуіңізді сұраймыз. Егер сіз бұл фактіге тап болсаңыз, онда Антикорға 1424 қысқа нөмірі бойынша дереу хабарлаңыз", – деп ескертті Антикор қызметкерлері.
Арнайы ХҚКО қызметіндегі сыбайлас жемқорлық факторларын жою Антикоррупциялық қызметтің бақылауында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032359-zemqorlyq-sebep-boldy-qazaqstanda-zurgizusi-kualigin-alu-qiyndai-tusti/