Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте гүл дүкенінде болған жанжалға қатысқандардың бірі қызметінен босатылды

Опубликовано:

Гүл дүкеніндегі жанжал
Гүл дүкеніндегі жанжал. Кадр: t.me/POLICE_of_KZ

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті гүл дүкеніндегі жанжалға қатысушылардың бірі өз өтініші негізінде қызметінен босатылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Басылым жазуынша, атышулы оқиғаға қатысқандардың бірі – Еңбекші ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары екені анықталған.

"Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы қажет болған жағдайда қызметтік тергеу жүргізе отырып, тағайындалған тәртіптік жазаның сәйкестігін зерделеу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Алайда қазіргі таңда Д.Елқонды өз өтініші негізінде қызметінен босатылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оның мемлекеттік қызметті өз еркімен тоқтатуына ешқандай кедергі болған жоқ", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Еске салсақ, желіде Шымкенттегі гүл дүкенінде болған жанжалдың видеосы кеңінен тарап, қызу талқыға түскен болатын. Онда дүкенге келген сатып алушы балағат сөздер айтып, сатушыны қайшымен қорқытып, гүл шоғын алып кеткенін көруге болады.

Артынша сатып алушы прокурордың ұлы деген ақпарат пайда болды. Алайда Бас прокуратура ақпаратты жоққа шығарды. Оның прокуратура органдарына да, прокуратура қызметкерлеріне де еш қатысы жоқ екені айтылды.

Кейіннен полиция бұл видеода екі түрлі жағдай бейнеленгенін жеткізді. Екі оқиғаның да прокуратураға қатысы жоқ, деп мәлімдеді олар.

Гүл дүкенінде сатушыны қайшымен қорқытқан азаматтың оқиғасы 8 тамызда болған. Ақ жейде киген азамат 1990 жылы туған Түркістан облысының тумасы, бүгінде Шымкент қаласында тұрады. Дүкен әкімшілігі оның үстінен арыз жазудан бас тартқанымен, ол ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша 7 тәулікке қамауға алынды.

Екінші жағдайда гүл шоғын тартып алған видеоның "кейіпкері" полиция қызметкері болып шықты. Оқиғадан кейін ол жұмысынан өз еркімен кеткен.

Ал оның қасында тұрған Еңбекші ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары болып шықты. Оған қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032667-symkentte-gul-dukeninde-bolgan-zanzalga-qatysqandardyn-biri-qyzmetinen-bosatyldy/