Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атыраулық мүгедектігі бар әйел өз тағдырластарына тегін психология кабинетін ашты (фото)

Жарияланған күні:

"Өз-өзіңе көмектес" кеңсесі
Гүлмира Мерекен: Фото кейіпкердің мұрағатынан

Атыраулық белсенді, II топ мүгедегі Гүлмира Мерекен "тар қапаста қамалып қалған мүгедектерді қоғамға бейімдеймін" деген ойын жүзеге асырып, өз тағдырластарына тегін кеңес беретін психологиялық көмек орталығын ашты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

34-жастағы Гүлмира Мерекен мүгедек жандардың психологиялық тұрғыда кедергілерге жиі тап болатынын айтады. Ал сағы сынған уақытта жанын түсінетін тәжірибелі психолог мамандарына жүгінуге екінің бірінің жағдайы жете бермейді дейді ол.

Осыны ескеріп, атыраулық келіншек арнайы жоба жасақтап, грант ұтып алған. Осылайша "Өз өзіңе көмектес" деп аталатын шағын кабинетін ашқан.

"Өз-өзіңе көмектес" кеңсесі
Гүлмира Мерекен: Фото кейіпкердің мұрағатынан

"Мен "Инва-такси" орталығында оператор болып жұмыс жасадым. Сол жерде, шыны керек, маған өте көп мүгедек жандар хабарласатын, жан сырын, мұңын ақтаратын. Кейбіреулер тіпті суицид жасағысы келетінін айтатын. Оларды райынан қайтару үшін өз тәжірибеммен бөлісіп, кеңестерімді беріп отыратынмын. Өйткені, мен де бала кезден мүгедекпін, олар кездескен кедергіден өзім де күнделікті өтіп жүрмін.

Қаламызда тәжірибелі психологтар бар, бірақ олардың бағалары ұшып тұр. Екінің бірінің олардан кеңес алуға шамасы жете бермейді. Одан бөлек, сау адам мүгедектің жанын 100 пайыз түсінбейтіні тағы бар. Өзім психологияға бұрыннан қызығушылығым бар еді, біршама кітапты оқып тауыстым, жоғарғы оқу орнында психолог мамандығын да алып шықтым. Қоғамға қалай пайдамды тигіземін деп ойланған кезде осындай орталықты ашу бірден ойыма келді", – дейді Гүлмира KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында.

Кейіпкеріміздің айтуынша, мамандардың көмегімен жобасын дүниеге әкелген. Оны сәтті қорғап шығып6 мемлекеттен берілетін гранттың иегері атанған. Бүгінде аядай бөлмені жалға алып, жұмысты бастап кеткен.

Гүлмира Мерекеннің қызымен бірге түскен фотосы
Гүлмира Мерекен: Фото кейіпкердің мұрағатынан

"Шыны керек, мен мұндай психологиялық кабинеттің сұранысқа ие болатынын білдім. Өйткені қаламызда мүгедектерге тегін психологиялық көмек беретін орталық жоқ. Бірақ осыншама көп адам хабарласады деп ойламаппын. Орталығымыз ашылғалы телефонға үздіксіз хаттар мен хабарламалар түсуде. Кабинетімізді іздеп келіп жатқандар да аз емес. Мүгедектің жанын кез келген адам түсіне бермейді, ата-анамыздың өзі бізді 50 пайызға түсінетін шығар.

Мүгедекті мүгедек қана 100 пайыз түсінеді деп ойлаймын. Өйткені біз тағдырласпыз, бір-бірімізді өзімізден артық ешкім түсінбейді", – деді Гүлмира Мерекен.

Гүлмираның сөзінше, ол әзірге бір бөлмелі времянканы жалдап отыр. Бұл жерде мотивациялық кездесулер, практикалық сабақтар, психологиялық жаттығулар, тренингтер өтеді. Ал болашақта Гүлмира кеңсені үлкейтуді жоспарлап отыр.

"Мүгедектер өздеріне керек кеңесін алып, қамалған төрт қабырғадан шығып, қоғамнан өз жолдарын тауып жатса, текке жұмыс жасап жатқан жоқпыз деп ойлаймын.

Өзімінің тағдырластарыма бұл өмірде ешқандай кедергіге сынбау керектігін, біз де басқа сау адамдар сияқты жетістікке жете алатынымызды жеткізгім келеді. Ең бастысы адам өз проблемасымен өзі қалып қалмау керек. Ешнәрсеге қарамастан әдемі өмір сүру өз қолымызда екенін әрбір мүгедек жанға жеткізгім келеді", – дейді ол.

Гүлмира Мерекен
Гүлмира Мерекен: Фото кейіпкердің мұрағатынан

Егіздің сыңары Гүлмира көп жанға үлгі. Мүгедектік туылған кезінен тағдырына жазылса да ешқашан мойымаған. Әпкесінің сүймелдеуімен қатарынан қалмай, мектепке барып, білім алған.

Кейін университетке оқуға түсіп экономист мамандығын алып шыққан. Психологияға қызығушылығы артып, кейін психолог мамандығына оқыған. Дәрігерлердің "бала көтеруге болмайды" дегеніне қарамастан, өмірге перзент әкеліп, бүгінде қыз тәрбиелеп отырған ана.

"Алладан қызымның өмірге сау болып келуін сұрадым. Тілегенім орындалды. Сол сәтте маған ешнәрсе кедергі емес екендігін тағы да түсіндім. Ел қатарлы жұмысқа орналастым, қатарластарымнан қалған емеспін.

Барлық адам бақытқа лайық екенін жеткізгім келеді. Қаншама мүгедек жан қоғамның пікірінен қорқып үйде қамалып отыр, үлкен депрессияны бастан кешуде. Сол жандарды үйден алып шығып қоғамға қосқым келеді", – деп аяқтады сөзін Гүлмира Мерекен.

Авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033086-atyraulyq-mumkindigi-sekteuli-aiel-oz-tagdyrlastaryna-tegin-psixologiya-kabinetin-asty-foto/