Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жаға ұстатарлық жағдай": Антикор ТЖМ-дағы жемқорлық туралы айтты

Опубликовано:

ақша
Ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің әрбір екінші басшысы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасайды. Бұл туралы бүгін ТЖМ басшылығымен өткен кеңес барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы Асхат Жұмағали мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік Telegram-дағы ресми арнасында.

Асхат Жұмағалидың айтуынша, соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстары еліміздің барлық өңірінде орын алған. Олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қостанай және Алматы облыстарында тіркелген.

Асхат Жұмағалидың мәліметінше, анықталған қылмыстардың ішінде парақорлық пен жымқыру фактілері басым. "Заңсыз сыйақы" өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру актісіне қол қою кезінде, оқудан өткізу, рұқсат беру және жұмысқа орналасу үшін беріліп отырған.

Агенттік төрағасының атап өтуінше, жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарға қарамастан, ТЖМ қызметкерлері пара алудан тыйылар емес.

"Күні кеше Жетісу облысында жергілікті ТЖ бөлім басшысы жұмысқа алған адамнан ақша алғаны анықталды. Бүгінгі іс-шараның өтетінін біле тұра, сонда да қылмысқа барып отыр. Бұл орайда профилактикалық тұрғыда нақты әрекет ету қажет. Қызметкерлердің мінез-құлқын түзетіп, психологиялық көзқарасын өзгерту маңызды", - дейді Асхат Жұмағали.

Сондай-ақ Антикор төрағасы бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасын, Шымкент қаласының және Жетісу облысының департамент басшыларын ұстағанын еске салды.

Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алды, тексерілетін ұйымдарды келісімшарт жасасу жолымен қызметтерді сатып алуға мәжбүрлеп, олар бойынша уақтылы ақы төлеуін қамтамасыз етті деген күдікке ілінген.

Басшылық құрамның қатысуымен болған сыбайлас жемқорлық фактілері Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында орын алған.

Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі жоғарыда аталған фактілерді мойындап, ведомство сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту үшін түбегейлі қадамдар жасайтынын мәлімдеді.

"Бұл біздің қызметкерлер үшін жаға ұстатарлық жағдай. Аталған адамдар белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген үздік қызметкерлердің қатарынан болатын. Дегенмен осы жағдайда олардың біз білмеген теріс қасиеті – екіжүзділігі әшкереленді. Айтылып өткен деректерге қатаң сынмен қараймыз. Бұдан біз тиісті сабақ аламыз, қарапайым өрт сөндірушілер бізге сеніммен қарауы керек", - дейді Сырым Шәріпханов.

Кеңес барысында ТЖ министрлігіне жеке құрам арасында жүргізілетін алдын алу жұмыстарын күшейту ұсынылды.

"Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, проблемалық учаскелерді зерделеу, сондай-ақ ведомствоның барлық қызметкерін адалдық тұрғысында тексеруді апробациялау қажет", - дейді Асхат Жұмағали.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033690-bugingi-is-sara-otetinin-bile-tura-qylmysqa-baryp-otyr-antikor-toragasy-tzm-dagy-zemqorlyq-turaly-aitty/

pixel