Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сеніміне кірген": Жетісу облысында комендант студенттердің атына 24 млн теңгеден астам несие рәсімдеген

Опубликовано:

Студент
Студент. Көрнекі фото: pixabay.com

Жетісу облысы Талдықорған қаласында жатақхана коменданты студенттердің атына 24 миллион теңгеден астам сомаға несие рәсімдеген. Сотталушы кінәсін мойындағаннан кейін жәбірленушілер оған бас бостандығынан айырмайтын жаза қолдануды сұрады. Бұл туралы Жетісу облыстық соты Facebook-тегі ресми парақшасында хабарлады.

Жетісу облыстық сотының Facebook-тегі ақпаратына сәйкес, Жетісу облысында бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотталушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағына сәйкес қылмыстық іс қаралған.

Анықталғандай, сотталушы жоғарғы оқу орнына қарасты жатақхананың коменданты қызметін атқарған. Ол 2021-2022 жылы аралығында студенттер мен жатақхана қызметкерлерінің сеніміне кіріп, студенттердің атына алаяқтық жолмен интернет-банкинг қызметі арқылы тауарлы және ақшалай несие рәсімдеп, 16 жәбірленушіге жалпы көлемі 24 миллионнан астам сомада материалдық шығын келтірген.

"Сотталушы С. 2021 жылдың қазан айында жәбірленуші Д. өзіне сенім артатынын біле отырып, құжаттарын жұмыс бабымен деген желеумен сұратқан. (Сотталушы - ред) жәбірленушінің жеке басын куәләндыратын құжаттарды алған соң, ол микроқаржылық ұйымнан 600 мың теңгеге жуық тауарлы кредитті жасырын рәсімдеп, тауарды сатып, өз пайдасына жаратқан.

Бұдан соң С. жәбірленушіні (несиені - ред.) толық жауып тастаймын деп алдап, микроқаржылық ұйымнан 560 мың теңге несие алдыртқан. Д.-ның жеке бас мәліметтерін пайдаланған сотталушы әр түрлі микроқаржылық ұйымнан жасырын түрде қосымша байланыс ретінде өзінің ұялы нөмірін көрсете отырып, Д.-ның атынан микронесиелер алып, оған жалпы 2 миллион теңгеден астам шығын келтірген", - делінген сот материалдарында.

Облыстық соттың Facebook-те жарияланған дерегіне сай, бұдан бөлек сотталушы осыған ұқсас жағдайларда түрлі сылтау ойлап тауып, 15 студент пен жатақхана қызметкерлерін алдап, оларды 22 миллион теңгеден астам шығынға батырған.

"Сот жарыссөзінде прокурор сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, барлық мерзімге пробациялық бақылау орнатуды сұрады.

Сотталушы С. тағылған айыпты мойындап, шын ниетпен өкініп, өзіне бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады", - деп жазылған Жетісу облыстық сотының Facebook-тегі хабарламасында.

Жәбірленушілер де сотталушыны кешіріп, оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.

Сот Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі 4) тармағының санкциясы бойынша сотталушының мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейiнгi мерзiмге айыру жазасын немесе үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратыны хабарланды.

"Сот сотталушыға жазаның түрі мен мөлшерін тағайындағанда оның кінәсін толық мойындап, шын ниетпен өкінуін, асырауында жас балаларының болуын, қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген залалды ерікті түрде ішінара өтеуін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды, ал жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайы іс бойынша анықталған жоқ", - делінген хабарламада.

Жетісу облыстық сотының Facebook-те жарияланған мәліметі бойынша, сот сотталушыны Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, тағайындалған барлық мерзімге пробациялық бақылау орнатты.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034074-senimine-kirgen-zetisu-oblysynda-komendant-studentterdin-atyna-24-mln-tengeden-astam-nesie-rasimdegen/

pixel