Қорғаныс министрлігі әскери міндеттілерді әскери жиынға шақыру жұмыстары басталғанын мәлімдеді
Жарияланған күні:
Қазақстанда әскери борышын өтеуге міндетті азаматтарды әскери жиынға шақыру жұмыстары басталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі ресми сайтында хабарлады.
Министрлік мәліметінше, жоспарға сәйкес әскери міндеттілерді жиынға Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті шақырады.
Аталған жиын Гвардейск гарнизонындағы 22326 әскери бөлімінде өтеді. Оған 1500 адам қатысады, оның ішінде 189 офицер, 275 сержант және 1 036 сарбаз бар.
"Бұл шара үкіметтің 15.05.2012 жылғы қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу қағидаларының 65-тармағына сәйкес ұйымдастырылып отыр.
Қорғаныс министрлігінің Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті осы құжатты орындау үшін қорғаныс ведомствосы басшысының биылғы жылғы 28 наурыздағы "2023 жылы әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру туралы" бұйрығын дайындады", – делінген хабарламада.
Ведомство ақпаратынша, әскери міндеттілерге ұйымдастырылатын әскери жиындардың негізгі мақсаты – практикалық дағдыларға машықтау және оны жетілдіру, талап етілетін әскери даярлықты жақсы деңгейде ұстау және әскери міндеттілерді жауынгерлік әзірлікте болуын қамтамасыз ету.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034088-qorganys-ministrligi-askeri-mindettilerdi-askeri-ziynga-saqyru-zumystary-bastalganyn-malimdedi/