Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақкенттегі өрт: балаларды балконнан лақтырған олардың 14 жастағы әпкесі болып шықты

Опубликовано:

Алматыдағы "Ақкент" тұрғын үйі
Алматыдағы "Ақкент" тұрғын үйі. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

1 тамыз күні Алматыдағы Ақкент ықшамауданында болған өртте 14 жастағы қыз үш бауырын терезеден лақтырып, аман алып қалған. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай желідегі ресми парақшасында жариялады.

Әлеуметтік желіде терезеден алдымен кішкентай балаларды лақтырып, кейін өзі секірген қыздың видеосы кеңінен таралды. Көпшілік бұл видеодағы қызды сол өрттен қаза тапқан Әсел есімді келіншек деп ойлаған болатын.

Алайда терезеден секірген қыздың 14 жастағы Сымбат есімді оқушы екені анықталды. Бес баланың үлкені Сымбат сол күні өртте үйде бауырларымен болып, қою түтіннен өзінен кіші балаларды аман алып шыққан.

"Сол күні бауырларыммен үйде болдым. Ата-анам өрт болып жатқанын айтып, бізге баспалдақ арқылы түсіңдер деп телефон соқты. Үйді түтін басып жатқан соң, қолыма ілінген киімді сулап, ауыздарына түтін кірмесін деп тыға бастадым. Түтіннен ештеңе көрінбегесін, телефонның жарығымен коридорға шықтық. Бірақ ол жақта да ештеңе көрінбейді екен. Адасып, үйге қайта кірдік. Сол кезде бір сіңілім адасып, қалып қойды", - дейді Сымбат.

Артынша Сымбат балконға шығып, төмендегі халықтан көмек сұрап, бауырларын біртіндеп лақтыра бастаған.

"Ең алдымен кіші інімді лақтырдым. Кейін сіңлілерімді лақтырып, соңында өзім секірдім. Лақтырған кезде еш қорықпадым. Тек аман болсақ екен дедім. Мен түскен кезде матрас дұрыс ұстамай қалды. Бірақ сол сәтте жерге сәтті немесе сәтсіз түскенімді ойламадым. "Аяна аман ба екен?" деген ой ғана тұрды. Өйткені ол адасып, қалып қойған еді", - дейді ол.

Анасының айтуынша, дәлізде адасып қалған Аянаны өрт сөндірушілер сыртқа шығарған. Кейін ол балаларын Алматының түрлі ауруханасынан тауыпты.

Қайырымды оқырмандар бауырларын аман алып қалған Сымбат пен оның отбасына бір сағат ішінде 2 миллион теңге жинап берді. Сондай-ақ түрлі сыйлық тарту еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034168-aqkenttegi-ort-balalardy-balkonnan-laqtyrgan-aiel-olardyn-14-zastagy-apkesi-bolyp-syqty/

pixel