"Тауға бармауды сұраймыз": ТЖД бұршақ, сел қаупіне байланысты Алматы тұрғындарына үндеу жасады
Жарияланған күні:
Алматы Төтенше жағдайлар департаменті қолайсыз ауа райына байланысты қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
ТЖД-ның "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасап хабарлауынша, бүгін Алматы қаласында нөсер жаңбыр, бұршақ, найзағай күтіледі.
Сондай-ақ оңтүстік-батыстан жел соғып, жылдамдығы 3-8 м/с-қа дейін, найзағай кезінде 15-20 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Осы орайда ТЖД қала тұрғындарынан көліктерді ағаштардың астында қалдырмауды сұрайды.
Сонымен қатар ТЖД Алматы тауларында сел қаупі сақталатынын еске салды. Мамандардың болжамынша, гидрометеорологиялық және сел жағдайының талдауына сәйкес, қатты жаңбыр жауған кезде сел құбылыстары болуы мүмкін.
"Құрметті туристер, Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары, естеріңізге саламыз: сел тасқынында қалып қалған жағдайда, аман қалуға еш мүмкіндік жоқ. Сел тасқыны қаупіне байланысты Іле-Алатау тауларына бармауды сұраймыз", - делінген ТЖД хабарламасында.
Бұдан бөлек ТЖД мамандары желдің күшеюі кезінде қалай әрекет ету керектігін еске салды:
- ғимараттардан шығуды шектеу (мүмкіндігінше үй-жайда болу);
- егер үйде болсаңыз, терезелер мен есіктерді мықтап жабу. Ауладан, ашық балкондардан және лоджиялардан үйіңізге зиян келтіруі мүмкін тұрмыстық заттарды алып тастау;
- көшеде жүрген жағдайда жел басылғанша жақын подъезде немесе дүкенде тұра тұру;
- билбордтардың, ағаштардың астында, аяқталмаған ғимараттарда, үйлердің қабырғаларына жасырынуға болмайды, өйткені шатырлардан шифер мен тағы да басқа заттар құлап кетуі мүмкін;
- қатты жел кезінде электр беру желілерінің астында тұруға және үзілген электр сымдарына жақындауға болмайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034203-aman-qaluga-es-mumkindik-zoq-tzd-zel-sel-qaupine-bailanysty-almaty-turgyndaryna-undeu-zasady/