Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысының дихандары орым-терім науқанына дайын

Опубликовано:

Комбайн
Фото: Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы

Бірнеше күнде жайдары жазға қол бұлғап, күрең күзді қарсы аламыз. Бұл – дихандар үшін ала жаздай атқарған еңбегінің жемісін көретін мезгіл. Қыркүйек кіргеннен дихандар орағын қамдап, орым-терім науқанына дайындығын бастайды. Биыл бұл бағыт бойынша сырбойылық егіншілердің көрсеткіші жақсы. Жергілікті әкімдіктер тарапынан да қолдау қарастырылған.

Айта кетейік, күздік егін жинау науқанына мемлекет тарапынан арзандатылған 9,1 мың тонна дизель отыны бөлінген. Өңір бойынша 4 оператор дизель отынын литрін 265 теңгеден сатуда.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникалары де тексерістен өткізіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Облыстағы 4239 бірлік техника 100 пайыз науқанға дайын», - дейді мамандар.

Ерте егіліп, пісетін өнімдердің алды қамбаға жеткізілді. Күздік бидай, жаздық бидай, арпа, қант құмайы дақылдарына орақ түсті. Бүгінгі күні 4,3 мың гектардан 7 мың тонна күздік бидай, 4,4 мың гектардан 3,2 мың тонна жаздық бидай, 365 гектаран 209 мың тонна арпа өнімі алынды. Қалған өнімдерде де қазан ауызы жоғары.

Мақсары өнімі биыл 44,2 гектар жерге егілсе, оның 3 мыңы жиналды. Өнім көлемі – 3,3 мың тонна. Дәндік жүгері 613 гектар жерге егіліп, 1,2 мың тонна өнім алынды. Сүрлем жүгері көлемі – 237 тонна. Атаулы дәнді дақыл 1,4 мың гектарға егіліп, 93 гектары жиналып, алынды. Картоптың 378 гектары жиналып, гектарына 112,4 центнерден, көкөністің 3071 гектары теріліп, гектарына 206,8 центнерден, бақшаның 5516 гектары жиналып, гектарына 249,1 өнім алынды. Күз маусымының орта тұсына дейін толық орым-терім жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Ауылдағы күріш еккен ағайынның да жұмысы жемісті болмақ.

«Қазір өсу дәуіріне қарай сүттену және балауыз пісу фазаларынан өтіп, суды көп қажет ететін дән байлау кезеңіне ауысуда», - дейді диханшылар.

Өңір аумағында күріш егісінің суын байлау жұмыстарын 1 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында жүргізу межеленген. Бүгінгі күнге дейін 59,1 мың гектар күріштіктің суы байланды. Бұл жалпы егін аумағының 66,4 пайызына тең. Күріш жинау тамыздың 25-нен басталып, 10 қазанда аяқталады деп күтілуде.

Қыс қамын жаз ойлаған егіншілердің де жұмысы бағалауға келеді. Төрт түлікті өрбіткен малшыларға да қыстан қорқар себеп жоқ. Мал азығына арналған дақылдарды жинау жүргізілуде. Бүгінде өңір бойынша 229,9 мың тонна жоңышқа шөбі жиналған.

Айта кетейік, жыл басында 193,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы өнімдері егілді. Оның 99,9 мың гектарына дәнді дақылдыр, 4,5 мың гектарына майлы дақылдар, 69,2 мың гектарына мал азығына арналған дақылдар, 19,8 мың гектарына картоп, көкөніс, бақша өнімдері, 89,0 мың гектарға күріш егілген.

«Егіс көлемдерін әртараптандыру бағытында 1192 гектарға дән жүгері, 1447 гектарға сүрлем жүгері, 179 гектарға күнбағыс, 64 гектарға соя дақылы, 5 гектарға қант қызылшасы, 195 гектарға қант құмайы егілсе, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 872,5 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді», - дейді мамандар.

«Қазгидромет» мамандары «Алдағы айда ауа райы егіншілер үшін қолайлы болады» дейді. Жауын-шашын күтілмейді. Күннің аптап ыстығы мен еңбек күшінің ауырлығына қарамай тер төгіп, ризығын жер-анадан көруді ниет етіп отырған барша егінші, диханшылардың өнімін шашау шығармай қамбасына жинап алуына тілекшіміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034221-qyzylorda-oblysynyn-dixandary-orym-terim-nauqanyna-daiyn/

pixel