Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлытау облысына оңтүстіктен 120 адам көшіріледі

Опубликовано:

Есік құлпындағы кілттер
Иллюстрациялық фото: pixabay.com

"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы Ұлытау облысында да қарқынды жүзеге асып жатыр. Соның дәлелі – жоба аясында Ұлытау облысына оңтүстік өңірлерден 26 отбасы 120 адам көшірілетін болады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 102, 9 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі таңда Ұлытау облысына 7 отбасыдан 34 адам қоныс аударып үлгерді. Отбасылардың дені – Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарынан қоныс аударғандар.

Ел халқының негізгі қызметтерге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдай мен көлік байланысын жақсарту мақсатында 2021 жылы "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері" Ұлттық жобасы қабылданған болатын. Жоба аясында тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымды дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарлама біріктіріліп, біртұтастықта жұмыс істей бастады.

Жоба бюджеттік қаржыландыру есебінен жүзеге асады және инфрақұрылымды дамыту, көліктік байланысты қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған. Осының нәтижесінде көптен қордаланған мәселелерді шешу мүмкіндігі жеңілдей түсті.

Өткен 2022 жылы ұлттық жобаны жүзеге асыруға 1,8 триллион теңге жоспарланған болса, оның 709 миллиарды бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асқан.

Жоба Ұлытау облысында биылғы жылдың көктемінен бастап өз нәтижесін бере бастады. Жаңадан құрылған облыс аумағына көшіп келуге қызығушылық танытқан жандар аз емес. Сәуір мен маусым айларында Қызылорда облысы мен Шымкент қаласында өңіраралық ерікті көшіру жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын. Жәрмеңкеде ұлытаулық жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің мамандары тұрғындармен кездесіп, оларға Ұлытау облысына көшудің тиімді тұстары жайлы толыққанды ақпарат береді. Соның арқасында 2 отбасы Жаңаарқа ауданының Жұмажанов ауылына көшіп келуге ықылас танытқан.

Тамыз айында Түркістан облысының Сарыағаш, Келес, Сайрам, Түлкібас аудандарында, Жамбыл облысының Жуалы, Жамбыл және Байзақ аудандарында және Тараз қаласында да жергілікті тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлік диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздікті жоюды мақсат еткен жәрмеңкеде өңірдегі ауылдық округтертерде жұмыссыз, жұмысқа аса мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, қаржылай көмек берілетіндігі, жұмысқа орналастырылатындығы айтылған. Кездесуге 300-ге жуық адам қатысып, оның ішінде 15 отбасы Ұлытау облысына қоныс аударуға ниет білдірген. Қазіргі таңда көпбалалы бір отбасы Жаңаарқа ауданы, Айнабұлақ ауылына көшіп келіп, қоныстану бойынша тұрақты жұмыспен қамтылыпты.

Чемодандарға салынған рюкзактар
Иллюстрациялық фото: pixabay.com

Көшіп келген тұрғындарды жұмысқа орналастырғанда, әрине, бірінші кезекте олардың негізгі мамандықтары, дипломына назар аударылады. Соған сай бос жұмыс орындары ізделеді. Мамандық бойынша жұмыс табылмаған жағдайда да олар жұмыссыз қалмайды. Жауапты мамандар жұмыс істеймін деген адамның екі қолына бір күрек тауып беруге әзір. Бүгінде Ұлытау ауданына қоныс тепкен 5 адамның барлығы да жұмысқа орналастырылған. Атап айтар болсақ, оңтүстіктен қоныс аударған азаматтар № 8 жалпы білім беретін мектебіне бастауыш және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып, Ұлытау ұлттық табиғи паркіне және Ұлытау ауданы әкімінің аппаратына жұмысқа орналастырылыпты.

Сарыарқа даласына Тұран ойпатынан қоныс аударғандардың бірі – Сағындық Досанов. 1986 жылы дүниеге келген азамат Қызылорда қаласының тумасы. Ол өткен жылдың 21 желтоқсанында Ұлытау ауданының Ұлытау селосына көшіп келген. Өзімен бірге әйелі мен бес баласы және анасын алып келіпті.

"Осылай қоныс аударуға болатынын Ұлытау облысының мамандары келіп ұйымдастырған жәрмеңкеден білдім. Өзімнің негізгі мамандығым – дәнекерлеуші. Дегенмен мамандық бойынша жұмыс табылмады. Отбасымды, кішкентай бала-шағамды асырауым керек. Сол себепті осында көшуге шешім қабылдадым. Келген кезде барлық отбасымыздың сегіз мүшесіне 241 000 теңгеден біржолғы қаржылай көмек көрсетілді. Сосын ай сайын 72 000 теңге пәтерақыға аударылып тұрды", – деген оны кейіннен аудан әкімі төрт бөлмелі жаңа үйге орналастырған.

Мұнда тек коммуналдық қызметтер үшін ғана ақша төлейді екен. Балаларының алды мектеп табалдырығын аттаған. Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы оған ұлттық саябақ инспекторы болып жұмысқа орналасуына көмек көрсетеді.

Одан бөлек Сағындық әйелі Айша Досанова екеуі жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған 1 млн 380 мың теңгелік гранттарды ұтып алыпты. Оған алты бас ірі қара малын сатып алған. Әзірге алған малдары төлдей қоймағандықтан, Сағындық саябақ инспекторы жұмысына қайта орналасыпты. Бүгінгі күндеріне қуанышты екендерін, Ұлытау аймағында еңбек етем деген жанға қолдау мол екенін айтқан Сағындық өзге жерлестерін де Ұлытау облысына қоныс аударуға шақырды.

Көпбалалы ана Балқия Жеткергенова да осындай пікірде. Ол жұмысқа орналастырған және балаларына жәрдемақы алуына көмектескен әкімдік қызметкерлеріне дән риза. Тұрғындары да өте қонақжай, көпшіл екенін айтқан ол өз туыстарын да Ұлытауға қоныс аударуға көндіріп жүрген көрінеді.

Қазіргі таңда өзге отбасылар да көшуге дайындық үстінде. Жауапты мамандар оларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін шешумен айналысып жатқан көрінеді.

Оңтүстік өңірлерден Ұлытау облысына көшуге ниетті тұрғындар үшін әлеуметтік келісімшарт шеңберінде ерікті қоныс аударуға қатысушы мынадай мемлекеттік қолдау шараларын алады:

  1. Көшуге материалдық көмек көрсету (басшыға және отбасының әрбір мүшесіне бір мезгілде 70 АЕК 241 500 теңге);
  2. 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу 15-21 АЕК арасында 51 750 – 72 450 теңге.

Сондай – ақ экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады - тұрғын үй сатып алу, салу немесе тұрғын үй сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна үшін ақшалай төлем түріндегі 4 млн теңгеге дейінгі материалдық көмек көрсетіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034422-ulytau-oblysyna-ontustikten-120-adam-kosiriledi/

pixel