Ақтөбеде 30 жылдан бері жөндеу көрмеген жолдарға "жан бітті"
Жарияланған күні:
Биыл Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар Ақтөбе-Қандыағаш және Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма автокөлік жолы пайдалануға беріледі. Бүгінде бұл жолдарда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал келер жылы ұзындығы 262 шақырымды құрайтын «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» жолының екі учаскесін реконструкциялау басталады. Бұл жолды төрт жолаққа кеңейту арқылы 3-санаттан 1-санатқа жеткізу бойынша қажетті шешімдер қабылданып, тиісті құжаттар әзірленуде. Жоба құны — 530 млрд теңге.
Халық игілігіне берілетін бұл жолдар — бүгінде облыстағы маңызды жобалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті басқарушы органдарға берген тапсырмасында: «Елдімекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделуі керек», — деп атап өткен болатын. Сондықтан да бұл мәселе күн тәртібінде тұр...
Ақтөбе-Қандыағаш жолы қазан айында ашылады
Былтыр облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма автокөлік жолының 41-разъезд аумағындағы бөлігі жөнделіп, екі айдың ішінде пайдалануға берілді. Ал биыл қазан айында осы жол толығымен аяқталмақ. Өткен жылы оңтүстік айналма жолы көпіріне жедел жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл аталған көпірді қысқа уақытта толық күрделі жөндеуден өткізіп, жуырда ғана қолданысқа берілді. Осылайша, облыс басшысы тұрғындарға берген уәдесінде тұрып, бүгінде халық аталған көпірдің игілігін көріп отыр.
Бұған дейін облыстағы жолдарды жөндеуде битум тапшылығы өзекті мәселе болып келген-ді. Бұл мәселе де дер кезінде шешілді. Қазіргі уақытта битум қоры жеткілікті.
Жалпы, Ақтөбе облысында осы және басқа да жобаларды уақытында жүзеге асырудың нәтижесінде биыл облыс бюджеті 429 млрд. теңгеден 638 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл — өңір экономикасы үшін елеулі көрсеткіш.
Қазіргі таңда Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолының 11-шақырымынан 100-шақырымына дейінгі екі учаскесі жөнделіп жатыр.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, республикалық маңызы бар Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолын қайта жаңарту жұмыстары 2021 жылы басталған. Аталған жобада жолды төрт жолаққа дейін кеңейту, көпірлер мен өткелдер салу көзделген. Бүгінде бұл жолдың 11-шақырымынан 52-шақырымына дейінгі учаскесіне құрылыс-монтаж жұмыстарын «Сине Мидас Строй» ЖШС жүргізсе, 52-ден 100-шақырымға дейінгі учаскесін «Ассана ДорСтрой» ЖШС жөндеп жатыр.
«Бүгінде негізгі жұмыстар Алға қаласының айналма жолындағы ұзындығы 16 шақырым учаскесінде қарқынды жүргізілуде. Бұл жерге жауапты мекеме қазір қиыршық тас және асфальт жамылғысын төсеп жатыр. Жалпы бұл автокөлік жолының 77,5 шақырымы І санатты төрт жолақты, 18,2 шақырымы техникалық ІІ санатқа жатқызылады. Мәселен, аталған айналма жолда көлемі жағынан әртүрлі 7 көпір салу көзделген. Мұндағы жұмыстар осы жылдың күзінде аяқталуы керек. Бұл айналма жол ашылса, транзиттік көліктер бұдан былай Алға қаласына кірмей, осы жолмен жүретін болады. Бұл алдымен кептелістің алдын алады, сондай-ақ жүк көліктері аудан орталығына кірмейді», — дейді филиал директоры.
«Сине Мидас Строй» ЖШС үйлестірушісі Темур Буньяминнің айтуынша, мердігер ұйымға тиесілі учаскені қайта жаңарту жұмыстарына 176 техника мен 385 жұмысшы жұмылдырылған. Бұл компания жалпы ұзындығы 44 шақырым жолды жөндеуді өз мойнына алыпты.
«Бұл жоба осыдан екі жыл бұрын басталды. Одан бері құрылыс материалдары да қымбаттады, жалақы мөлшері де артты. Сондықтан қазір жоба аясында бағаның өсуіне байланысты қайта реттеу (корректировка) жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Алайда біз осындай қиындықтарға қарамастан, құрылыс жұмыстарын тоқтатпай, жұмыс жасап жатырмыз. Жолдың сапасына келсек, екі жылға дейін толық кепілдік бере аламыз», — дейді Темур Буньямин.
Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолы биыл қазан айында ашылады. Ал толық пайдалануға келер жылы беріледі. Бүгінде бұл жоба аясында бірінші лот бойынша «Сине Мидас Строй» компаниясы 1 138 647 мың тонна қиыршық тас, 11,44 мың тонна битум, 7,18 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын дайындаған. Ал екінші лот бойынша «Ассана ДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 718 353 мың тонна қиыршық тас, 22,004 мың тонна битум, 7,945 мың текше тер темір-бетон бұйымдарын әзірлепті.
Қазір бұл екі мердігер ұйым да жоспарға сәйкес қайта салу жұмыстарын барынша қарқынды жүргізіп жатыр. Оның ішінде қос компания Алға, Қандағаш қалаларының айналма жолдарында жасанды құрылыстар, көпірлер мен су өткізу құбырларын салып жатыр. Айбол Данағұлдың айтуынша, бұл автокөлік жолы — Ақтөбе мен Атырау облыстарының көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін күрежолдың бір бөлігі. Егер автокөлік жолы келер жылы толық пайдалануға берілсе, онда 4 ауданның (Алға, Мұғалжар Темір, Байғанин) тұрғындары облыс орталығына емін-еркін қатынайтын болады.
«Бұл — ғасырлық жоба»
Қазіргі таңда Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолымен қатар сонау 1960-70 жылдары салынып, шамамен 30 жыл бойы жөндеу көрмеген Қандыағаш-Шалқар тас жолына да жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды. Биыл бұл автокөлік жолының 20 шақырымы жөнделеді. Ал келер жылы 75 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде бұл бағытта барлық қажетті құжаттамалар дайын. Жуырда облысқа жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов аталмыш жобаға қолдау білдірді.
Бүгінде Шалқар ауданының тұрғындары екі аудан арасын жалғайтын, әрі қарай облыс орталығына апаратын автокөлік жолының жөнделіп жатқанына ерекше қуанып жатыр.
Шалқар ауданының тұрғыны, ардагер-ұстаз Нұрлан Майкуповтың айтуынша, бұл автокөлік жолы көп жылдан бері жаңартылмаған.
«Шалқар ауданында жол қатынасы — көп жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Өткен жылы облыс әкімі ауданымызға келіп, тұрғындармен кездескенде Қандыағаш-Шалқар арасындағы жолды жөндеу туралы ұсынысымызды айтқанбыз. Жуырда осы жоба аясында 20 шақырым жолға жөндеу жұмыстары басталды. Шалқар қаласынан шыға беріс жолға 1,5 шақырым асфальт төселді.
Бүгінде Шалқардан басталған жолды Қотыртас ауылына дейін жеткізу туралы халықтың ұсынысы да жүзеге асырылады деп сенеміз. Жалпы, Шалқар-Қандыағаш тас жолы халықтың зор қолдауына ие болып отыр. Себебі бұл автокөлік жолы — ғасырлық жоба. Олай дейтініміз, аталған тас жол ұзақ жылдардан кейін жөнделіп отыр. Егер осы жол бір-екі жыл ішінде қолданысқа берілсе, жол қатынасы мәселесі шешіледі, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне, облыс орталығына қатынауы жеңілдейді», — дейді аудан тұрғыны.
Бір облыстың бюджетімен тең қаржы бөлінеді!
Бюджет десе, кез келген адамның көз алдына қыруар қаржы елестейтіні анық. Бұл орайда тозығы жеткен «Ақтөбе – Қарабұтақ — Ұлғайсын» автокөлік жолына 530 млрд.теңге қаржы бөлінбек. Ал бұл дегеніңіз, есептеп қарасаңыз, бір облыстың бюджетіне тең қаржы.
Келер жылы бірінші кезеңде жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын екі учаскенің құрылысы басталады.
«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі таңда «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ» бөлігіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұған 1,3 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Осы орайда ұзындығы 262 шақырым болатын аталған жолды 4 жолаққа кеңейту арқылы 3-ші санаттан 1-ші санатқа жеткізу бойынша қажетті шешімдер қабылданып, тиісті құжаттар әзірленіп жатыр. Жалпы, бұл жобаны жүзеге асыруға
осы жолмен жүретін көлік ағынының қарқындылығы да себеп болды. Мәселен, бар болғаны 3 мың автокөлікке есептелген жолда күніне кем дегенде 16 мыңнан астам автокөлік жүруде», — дейді Айбол Данағұл.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Айтқали Италиевтің айтуынша, бұл жобаның облыс тұрғындарына, әсіресе, осы жолмен жүретін Әйтеке би, Хромтау, Ырғыз аудандарының халқына берері мол. Егер республикалық маңызы бар жолдың құрылысы алдағы жылы басталып, екі-үш жылда аяқталса, бұл өңірдің экономикасына, әлеуметтік дамуына зор серпін бермек.
«Бүгінде Ақтөбе облысы еліміздің батыс өңірінде жол салу жобалары бойынша соңғы орында келе жатыр. Себебі қазір республикалық, облыстық маңызы бар жолдардың сапасы сын көтермейді. Биыл облыс әкімдігі осы үлкен жоба бойынша жұмыстанып, қаржы бөліп жатыр. Алдағы уақытта жобаның қалай жүзеге асырылатынын уақыт көрсетеді, дегенмен халық нәтижелі істен қашан да үміт күтеді», — дейді қоғамдық кеңес мүшесі.
Қарғыс алма, алғыс ал!
Биыл Ақтөбе облысында облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге бюджеттен 50 млрд теңге бөлінген.
Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Бекболат Нұрашевтың айтуынша, биыл облыста жол жөндеу жұмыстары бойынша 13 ірі жоба қолға алынса, оның ең ірісі — Ақтөбе қаласындағы оңтүстік айналма жолы.
«Бүгінде бұл жоба бойынша мердігер ұйым анықталды, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Автокөлік жолы биыл жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Қазір осы жолдың 13 шақырымы жөнделіп жатыр, оның бірінші қабаты салынып болды. Енді қазан айына дейін жолдың екінші қабаты төселеді, тротуарлар мен жарық шамдары, жол белгілері орнатылады», — дейді ол.
Ақтөбе қаласы Ясный ауылының тұрғыны Береке Смадиярқызы оңтүстік айналма жолы қолданысқа берілген соң осы аумақта көлік ағыны азайып, тұрғындар үшін жол қатынасы қалыпқа түсетінін айтады.
«Жол салу бұл үйге «пол» салу емес. Бұл үлкен жобаны жүзеге асыруға қаншама жұмысшы, мердігер мекеме жұмылдырылуда. Сондықтан қала тұрғыны ретінде осындай сапалы жол салып жатқан азаматтарға алғысым шексіз. Ал өткен жылы оңтүстік айналма автокөлік жолының 41-разъезд аумағындағы бөлігін екі айдың ішінде жөндетіп берген облыс әкіміне барша ауыл тұрғындары атынан ризашылығымды білдіремін. Қазақта: «Қарғыс алма, алғыс ал» деген жақсы сөз бар. Алғыс айту мен алғыс алу – ардың ісі секілді. Сондықтан жолшыларға халықтың атынан алғысымды жеткіземін», — дейді ауыл тұрғыны.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034501-aqtobede-30-zyldan-beri-zondeu-kormegen-zoldarga-zan-bitti/