Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құда болуға келіскен": Атырауда 15 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінген жігіт жазадан құтылған

Опубликовано:

Басын бұғып отырған қыз
Жалғыз отырған қыз. Көрнекі фото: pixabay.com

Атырауда 15 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінген жігітке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Себебі қос тараптың ата-аналары өзара татуласып, құда-жекжат болуға келіскен. Алайда зардап шегушінің анасы іс жабылған соң қызына күн көрсетпей, үйден қуып жібергенін айтты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Теларнаның хабарлауынша, 15 жастағы қыз жігітпен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Жүзбе-жүз көруі үшін кездесуге де шақырыпты. Сөйтіп көлігіне мінгізіп алып, айдалаға апарып қызымды зорлаған дейді анасы.

Бірақ мұны мектеп оқушысы ешкімге айтпаған. Оны қызының денесіндегі көгерген іздерін көргенде ғана біліпті. Дереу құзырлы органдарға арыз жазған.

Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталғанда күдікті жігіттің туыстары кешірім сұрап келіпті. Тіпті "балалардың болашағына балта шаппайық, екі жасты қосайық" деп соңғы сөзін айтқан. Үлкендердің сөзіне сеніп, қызымызды соларға ертіп жібердім дейді арызданушы ана.

"Қызымды алып кетті. Шағымды өзгерттік. Кешірім бердік. Іс бітіп жатқан кезде жігіттің апасы күйеуімді алдап-сулап, "тергеуші ақша сұрап жатыр, 1 млн 600 мың" деп, істі жабу үшін базада сотталды деген қалмасын деп кредит алғызып, ақшаны алды. "Өзіміз төлейміз, алып бер" депті. Жігіттің апасы "іс бітті, енді қызың керек емес" деп, қызыма күнде-күнде тиісіп, тіпті сабауға дейін барды. Қызымды сабаған соң, апасының үстінен арыз жаздым", - дейді қыздың анасы.

"Қылмыстық іс жабылған соң қызым ешкімге керек болмай қалды" дейді жәбірленуші тарап. Осыдан кейін жасөспірімнің психикасы бұзылған.

Енді қыздың ата-анасы қылмыстық істі қайта көтеруді сұрап прокуратура арыз жазған. Бірақ қадағалаушы орган қараусыз қалдырған. Сондықтан араша сұраған ана Атырау облысы прокуратурасына барды.

"Қылмыстық процестік кодекстің 100-бабына сәйкес, қылмыстық іс бойынша процеске қатысушы, яғни мәртебесі бар күдікті болсын, басқа да тұлғалар, олар заңды түрде шағым келтіре алады. Кез келген шешім бойынша. Егер уәжді арыз жазатын болса, егер де ішінде уәждер тексеруге жататын болса, егер де негізді болса, біз, заң қызметкерлері ретінде оны қанағаттандыруға мүмкін емес, міндеттіміз", - деді Атырау облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының бастығы Шыңғыс Нәсіпқалиев.

Телеарнаның ақпаратынша, заңдылықтарды түсіндірген прокурор шағымданушыны жеке қабылдауына алып, анасы тағы да арыз жазып қалдырды.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034529-quda-boluga-kelisken-atyrauda-15-zastagy-qyzdy-zorlady-degen-kudikke-ilingen-zigit-zazadan-qutylgan/

pixel