Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір қызды ұнатып қалдым": Астана әуежайының қызметкерлеріне жалған ақпарат берген жолаушы жазаланды

Опубликовано:

Астана халықаралық әуежайы
Астана халықаралық әуежайы. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Астана әуежайында жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген жолаушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Астана халықаралық әуежайы Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады.

Астана халықаралық әуежайының ақпаратынша, Астана-Алматы бағыты бойынша ұшып бара жатқан жолаушы тіркеу кезінде өзімен бомба бар екенін айтқан.

Осыдан кейін әуежайда дабыл қағылып, қызметкерлер нысанды шұғыл тексеруге мәжбүр болған. Алайда Астана халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметіндегілер ешқандай жарылғыш заттың нысан аумағында жоқ екенін анықтаған.

Бұл жайттан соң жарылғыш зат туралы жалған хабар берген жолаушы рейстен шеттетіліп, желілік полиция бөлімі қызметкерлеріне тапсырылып, жолаушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Әуежай – стратегиялық маңызды нысан. Мұнда келген әр жолаушы ұшаққа отырмас бұрын жіті тексеріледі. Жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген жолаушы өзінің түсініктемесінде "бір қызды ұнатып, соған әзілдемек ниетте" айтқанын жеткізді. Алайда авиациялық қауіпсіздік – әзілдейтін тақырып емес.

Сондықтан жолаушылардан әуежайдың тексеру қызметіне жауапкершілікпен қарап, жарылғыш зат туралы жалған ақпарат таратпауын сұраймыз", - дейді "Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы" АҚ PR қызметінің басшысы Тойгүл Жұбанысова.

Жалпы жыл басынан бері Астана халықаралық әуежайында жарылғыш зат туралы жалған ақпарат беру бойынша 30 іс тіркелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034774-bir-qyzdy-unatyp-qaldym-astana-auezaiynyn-qyzmetkerlerine-zalgan-aqparat-bergen-zolausy-zazalandy/

pixel