Министрлік дүкендерде сібір жарасын жұқтырған ет өнімдері пайда болды деген ақпаратқа пікір білдірді
Жарияланған күні:
Ауыл шаруашылығы министрлігінде сөрелерге сібір жарасын жұқтырған ет өнімдері түскені жайлы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми сайтында.
"Әлеуметтік желіде таралып жатқан қазақстандық сауда сөрелеріне сібір жарасын жұқтырған ет өнімдері түскені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ақмола облысының Қосшы қаласында сібір жарасы ошақтарының болуы туралы хабарлама да жалған болып отыр", - делінген министрлік жариялаған хабарламада.
Министрлік мәліметінше, Ақмола облысы Жарқайың ауданы Үшқарасу ауылында халық арасында сібір жарасының терідегі түрі тіркелген. Барлық науқас медициналық қызметкерлердің бақылауына алынып, клиникалық хаттамаға сәйкес, ем қабылдап жатыр.
Аудандық полиция бөлімі ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерін әкетуді шектейтін блок бекеттер қойып, карантин жариялады.
"Үшқарасу" ЖШС мал шаруашылығы кәсіпорнының директорынан малдың өлімі туралы хабарлама 28 тамызда келіп түскен. Кейін ет жедел түрде тәркіленіп, өлген мал жойылған.
Қазір Жарқайың ауданында СЭҚ, денсаулық сақтау, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы, сондай-ақ ветеринария басқармасы қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобы бар. Барлық тексерілген ошақта дезинфекция жүргізіліп, зерттеуді жалғастыру үшін топырақ пен жер асты суларының сынамалары алынды.
"Ауылға 1,7 мыңнан астам доза вакцина және 900 000 мл дезинфекциялау құралдары, сондай-ақ ошақты тексеру және жоюға арналған қажетті барлық арнайы техника жеткізілді. Жергілікті жерде "Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ" РММ-нің 9 маманы жұмыс істеп жатыр.
Залалды бағалау және аурудан өлген мал үшін өтемақы төлеу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Мемлекеттік органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр", - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034962-ministrlik-dukenderde-sibir-zarasyn-zuqtyrgan-et-onimderi-paida-boldy-degen-aqparatqa-pikir-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.