Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арыста ойын алаңында өзге әйелмен жаға жыртысқан жас келіншек 51 мың теңге айыппұл арқалады

Жарияланған күні:

жанжал
Жанжал. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Түркістан облысы Арыс қаласында балаларға арналған ойын алаңында өзге әйелмен жанжалдасып, жаға жыртысқан 22 жастағы келіншекке қатысты сот қаулысы шықты. Екі баланың анасы құқық бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, 51 мың теңге айыппұл арқалады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Арыс қаласында З.Т. есімді 22 жастағы келіншек Е.З. есімді келіншекпен сөзге келіп қалып, жаға жыртысқан. Оқиға Түркістан облысы Арыс қаласы Жастар үйінің балалар ойын алаңында 13 маусымда болған.

Сөз таластырып қалған екі әйелдің жанжалы жұлысуға дейін барған. Ұрыс-керіс кезінде құқық бұзушы жәбірленушінің шашынан жұлып, тырнап, жеңіл дәрежедегі дене жарақатын салған. Жәбірленуші құқық қорғау органдарына арызданған. Сот отырысында 22 жастағы келіншек жәбірленуші әйелдің шашынан жұлқылап, қолынан тартқанын айтып, кінәсін ішінара мойындаған. Алайда тырнағын батырмағанын айтып көрсеткен. Өз кезегінде жәбірленуші қол жұмсаған әйелді әкімшілік жазаға тартуды сұраған.

"Тағылған айып бойынша құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 73-1 бабы 1 бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылған. Іс бойынша құқық бұзушының жас балалары бар екенін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілді. Арыс аудандық сотының 21 шілде 2023 жылғы қаулысымен З.Т. -ға 51750 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлды өз еркімен төлеуге бір ай уақыт берілді", - деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сот қаулысы заңды күшіне енген.

Автор: Жанар Пердешқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035162-arysta-oiyn-alanynda-ozge-aielmen-zaga-zyrtysqan-zas-kelinsek-51-myn-tenge-aiyppul-arqalady/