Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында күйеуінен қорлық көрген әйел оны қамауға алмауды сұраған: сот шешім шығарды

Опубликовано:

судьяның балғасы
Сот балғасы. Көрнекі фото: pexels.com

Түркістан облысында сот әйеліне қол көтерген ер адамды 25 тәулікке қамауға алу туралы қаулы шығарған. Бұл шешіммен келіспеген әйелі жұбайына кешірім беретінін айтып, Кентау қалалық сотына шағым түсірген. Алайда жәбірленушінің шағымын сот қанағаттандырусыз қалдырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Түркістан облыстық сотының мәліметінше, Кентау тұрғыны өз үйінде әйелін ұрып-соғып, денсаулығына жеңіл дәрежедегі зарар келтірген. Ол бұған дейін де отбасында жанжал шығарып, жұбайына қол көтеріп, сот алдында әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Солай бола тұра бұл әрекетін қайталап, әйелін соққыға жығып, тағы да құқық бұзушы ретінде заң алдында жауап беруіне тура келді.

Күйеуінің қайта-қайта қол көтергеніне қарамастан әйелі оған қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, кешірім берген. Алайда сот құқық бұзушыны жауапкершіліктен босатуға негіз жоқ деп шешті.

"Құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабының 1-1-бөлігінде отбасылық-тұрмыстық қатынаста тұратын адамның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған адам бола тұра, қайталап жұбайын ұрып, оның денсаулығына қасақана жеңіл дәрежедегі зиян келтірген, ондай жағдайда заңда оны жауаптылықтан босату көзделмеген. Нәтижесінде Ә. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, ол осы баппен 25 (жиырма бес) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.

Аталған қаулыға жәбірленуші келіспей, 19.07.2023 жылы Кентау қалалық сотының кеңсесі арқылы жеке шағым түсірген. Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 19.07.2023 жылғы қаулысына сәйкес, Кентау қалалық сотының 2023 жылғы 18 шілдедегі Ә-ге қатысты қаулысы өзгеріссіз, жәбірленуші Ә-ның шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған", - дейді Түркістан облыстық соты баспасөз қызметінің өкілі.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берген құқық бұзушыға қатысты қаулы заңды күшіне енген.

Автор: Жанар Пердешқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035189-turkistan-oblysynda-kuieuinen-qorlyq-korgen-aiel-ony-qamauga-almaudy-suragan-sot-sesim-sygardy/

pixel