Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Асхат Шахаровтан бөлек Ақтөбе облысының әкімі лауазымына тағы кім үміткер болды

Жарияланған күні:

Нұрлан Қызбергенов
Нұрлан Қызбергенов. Фото: t.me/aqorda_resmi

Асхат Шахаровпен бірге Ақтөбе облысының әкімі лауазымына тағы кім үміткер болғаны анықталды. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

Ақорда мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Президент әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов Ақтөбе облысының барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты.

Депутаттарға Ақтөбе облысының әкімі лауазымына Нұрлан Қасымханұлы Қызбергенов пен Асхат Берлешұлы Шахаровтың кандидатурасы ұсынылды.

Ашық дауыс берудің нәтижесінде 119 депутат Асхат Шахаровқа, 55 депутат Нұрлан Қызбергеновке дауыс берген. Жиналысқа барлығы 174 депутат қатысты.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Асхат Шахаровты Ақтөбе облысының әкімі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Облыс активімен кездесу барысында Олжас Бектенов өңірдің жаңа әкімін таныстырды. Президент Әкімшілігі Басшысының айтуынша, Асхат Шахаровтың жауапты басшылық қызметтерде мол тәжірибесі бар. Ол әр жылдары Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе және Зеленов аудандарының, Ақтөбе қаласының әкімі болды.

Олжас Бектенов еліміздің ірі өндірістік аймағы саналатын облысты дамытуға зор үлес қосқаны үшін Ералы Тоғжановқа алғыс айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмаларына айрықша назар аударылды. Облыс әкімдігіне өндіріс пен ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, автомагистраль желісін дамыту, үлескерлердің мәселелерін шешу міндеті жүктелді.

Бұдан бөлек, Президент әкімшілігінің басшысы жергілікті билік органдарының өкілдері азаматтармен жан-жақты байланыс орнатуы қажет екенін атап өтті.

Жиын соңында Олжас Бектенов Асхат Шахаровқа Ақтөбе облысының әкімі лауазымындағы жауапты қызметіне табыс тіледі.

"Ырғыз ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мемекемесінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Нұрлан Қызбергенов аудан басшысы.

Қызбергенов Нұрлан Қасымханұлы 1968 жылы Ырғыз ауданында дүниеге келген. 1995 жылы – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын "Экономист" мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Ырғыз аудандық қаржы бөлімінің аға экономисті болып бастаған.

1990-2007 жылдары Ырғыз ауданы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының аға инспекторы, бас инспекторы, бөлім бастығы, Мемлекеттік төлем орталығының Ырғыз аудандық бөлімшесінің бас маманы, бөлімше бастығы болып жасаған.

2007-2021 жылдары Ырғыз ауылдық округінің әкімі, Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2021-2022 жылдары Ырғыз аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып келді.

2022 жылдың 17 ақпанынан осы уақытқа дейін Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының әкімі қызметін атқарған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035386-asxat-saraxovtan-bolek-aqtobe-oblysynyn-akimi-lauazymyna-tagy-kim-umitker-boldy/