"Уақытымның 20 пайызы осы шағымдарға кетіп отыр": Павлодар облысының әкімі меморгандардың жұмысын сынға алды
Жарияланған күні:
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста мемлекеттік органдардың жұмыс сынға алды. Облыс орталығында шағымдар саны 65 пайызға өскен, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Асайын Байхановтың айтуынша, әрбір әкім, әкімдік, мемлекеттік органның бөлім, басқарма басшылары өз деңгейіндегі сұрақтар бойынша өтініштермен жұмыс жүйесін реттеуі тиіс.
Өйткені тұрғындардан келіп түскен шағымдар мен өтініштер саны 65 пайзыға өскен, бұл 1,5 еседен артық.
"Сұрақтардың 80-90 пайызы дерлік түкке тұрғысыз: біреудің үйінде бұтағын кесу керек, біреуге қоқыс шығарып беру қажет. Облыс әкімі ретінде Павлодар өңірін дамытудың стратегиялық мәселелерімен айналысу керекпін, алайда уақытымның 20 пайызы осы шағымдарға кетіп отыр. Себебі мемелекеттік органдар тұрғындардың сауалына жауап бермейді", - дейді ол.
Асайын Байханов "109" бірыңғай қызмет орталығының жұмысына да көңілі толмайтынын, өтініштерді уақытылы қабылдамайтынын атап өткен.
"109" бірыңғай қызмет орталығы жұмыс істемейді. "Ыстық су қашан беріледі?", - деген қарапайым сауалға жауап жоқ. Орталықтың басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылсын", – дейді облыс әкімі.
Аймақ басшысы ауыл әкімдерінің де халықпен байланысы нашар екеніне тоқталған.
"Аудан әкімдігінде дәл осындай мәселе. Ауыл әкімдері дұрыс жұмыс істемейді, ауыл тұрғындарымен араласпайды. Мысалы, салынып жатқан кіреберіс жолының аяқталу уақытын білмейді. Біз халықпен тиімді байланыс орнатуымыз керек", – дейді Асайын Байханов.
Бұдан бөлек, облыс басшысы тұрғындардан білім беру, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау басқармаларының тарапына және Павлодар қаласының полициясына шағымдар көп түсетінін жеткізген.
Басылым жазуынша, жиында аймақ басшысы облыстық аппаратқа халықтан келіп түсетін мәселелерді орындамаған әкімдерге қатысты шаралар қабылдауды тапсырған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035409-uaqytymnyn-20-paiyzy-osy-sagymdarga-ketip-otyr-pavlodar-oblysynyn-akimi-memorgandardyn-zumysyn-synga-aldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.