Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Төрт айлық сәбиімен түрмеде отырған қазақстандық көпбалалы ана жан сырын ақтарды

Жарияланған күні:

отбасымен кездесу сәті
Отбасымен кездесу сәті. Фото: KAZ.NUR.KZ

37 жастағы келіншектің темір торға тоғытылатыны үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Алайда тағдырдың тәлкегіне ұшыраған ол бір-ақ күнде абақтыға қамалды. Қазір төрт айлық сәбиімен бірге жазасын өтеп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Виктория - төрт баланың анасы. Кішкентай нәрестесін төрт ай бұрын темір торда босанған. Жазасын өтеп жатқан келіншек алты адамның өмірін жалмаған жол апатына себепкер болыпты. Ақыры кінәлі деп танылған әйелді сот құрсағындағы сәбиімен бірге бес жылға бас бостандығынан айырған.

"Жол апаты Семей-Алматы тас жолында болды. Сол күні көлік тізгінінде өзім болдым. Жолдасым достарымен бірге балыққа кеткен болатын. Мен де үш баламды алып, Жарма ауданы Бақыршық ауылына қарай бара жатқам. Кенет ұлым тоқтауымды өтінді. Сол сәтте көлігімнің дөңгелегі жарылып, қарсы бағытта келе жатқан көлікке соқтығыстық. Өкінішке қарай, онда отырған алты адам жан тапсырды. Араларында кәмелет жасына толмаған балалар да бар", - дейді Виктория.

түрмедегі әйелдің отбасы
Әйелдің отбасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жантүршігерлік жол апаты болған сәтте келіншектің құрсағында төрт айлық шақалақ болған. Ал үлкен баласы 13 жаста екен. Енді үйінде қалған үш баланы келіншектің жары қарап отыр.

"Абақты өз үйіңдей болмайды. Бәрібір балаларыңа алаңдайсың. Жарыма рахмет. Менің жоқтығымды білдірмей отырған. Мұндағы жалғыз алданышым - ұлым. Төртінші баламды түрмеде босандым. Қазір осында өсіп келеді. Төрт ай болды. Балаларымды көргім келіп, сағынған сәттерде полиция қызметкерлеріне айтамын. Олар шақыртады. Кездесіп мауқымды басам. Алайда мектеп қабырғасында оқып жүрген балаларымның сабағы қатты алаңдатады. Мен анамын ғой. Не киді, не ішті деген сауалдар санамды сансыратып жатыр", - дейді Виктория.

Дегенмен Семейдегі абақтыда жазасын өтеп жатқан келіншектің сырттағы балаларына жан-жақты қолдау бар. Полиция қызметкерлері анасымен қалаған уақытта кездесіп, сырласуға мүмкіндік берген. Тіпті олар балаларға сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды ұжым болып бірігіп сатып әперуді де ұйымдастырған екен. Ал Викторияның бостандыққа шығуына төрт жылдан астам уақыт бар.

Автор: Елжан Нұрболат

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035652-tort-ailyq-sabiimen-turmede-otyrgan-qazaqstandyq-kopbalaly-ana-zan-syryn-aqtardy/