Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ертіс өзеніне батып, тынысы тоқтаған жасөспірімді көз дәрігері аман алып қалды

Опубликовано:

Айнұр Садырбалина және Манарбек Шапағатов
Айнұр Садырбалинаны марапаттаған сәт. Фото: Instagram/abaioblysytjd

Шілде айында семейлік офтальмолог-дәрігер Айнұр Садырбалина Ертіс өзеніне батып, ес-түссіз күйде жағаға шығарылған баланың аман қалуына себепкер болды. Сол күні өз балаларымен демалуға барған білікті маман тынысы тоқтап, денесі көгерген оқушыға шұғыл медициналық көмек көрсете алды. Осы ерлігі үшін Айнұр Садырбалина арнайы медальмен марапатталды. Бұл туралы Абай облыстық ТЖД Instagram парақшасында хабарлады.

Оқиға биыл 13 шілдеде Семейдің Затон ауданы бөлігіндегі Ертіс өзенінің жағасында болған. Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімнің қасында оның кәмелетке толмаған ағалары да суда бірге түсіп жүрген. Олар суда өзара ойнап жүріп, інілерінің суға батып кеткенін байқамай қалған. Оны жақын маңда суға түсіп жүрген басқа бала кездейсоқ байқаған. Үлкендер оны жағаға алып шыққанда жасөспірім ес-түссіз күйде болған.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, сол күні балаларымен демалып жатқан Айнұр Садырбалина көмекке шақырған дауысты естиді. Ауа температурасы 45 градустан асып жығылған жаздың сол бір аптап ыстық күнінде жағажайда демалушы қарасы көп болған. Көмек сұраған айқайды естіп, Айнұр шоғырланған адамдар тұрған жерге қарай дереу көмекке ұмтылған.

"Оқиға орнына жеткен ол жерде жатқан жасөспірімді және оған алғашқы көмек көрсетпек болған ер адамды көреді. Көрсетіліп жатқан көмекке қарамастан оның дене терісі көкшіл реңк тартып, тынысы тоқатаған екен. Әлпетінен суға батқан адамның барлық белгілері байқалған. Осы сәтте Айнұр байсалдылық танытып, жасөспірімге бірден жүрек-өкпе реанимациясын жасаған. Сол қиын сәтте сәл кешігудің өзі баланың өміріне орасан зор қауіп төндіруі мүмкін еді", - делінген ТЖД хабарламасында.

Суға кеткен баланы құтқаруға себепкер болған Айнұр Садырбалинаның дәрігер екені кейін белгілі болған. Білікті маманның жүрек-өкпе реанимациясын шебер атқарғанының арқасында жасөспірім есін жиған, кейін анасына, сондай-ақ көмекке келген жедел жәрдемге тапсырылған.

ТЖД мәліметінше, қазіргі уақытта баланың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Оқушы 1 қыркүйекте өз құрбыларымен бірге мектепке оралды.

Айнұр Садырбалинаның өзі жасөспірімнің өмірін қалай құтқарып қалғанын айтып берген.

"Шынымды айтсам, сол шешуші сәтте мен автоматты түрде әрекет еттім, менің іс-әрекетімде дәрігерлік дайындық маңызды рөл атқарды. Менің тарапымнан нақты бағытталған медициналық көмек қажет болды. Жасөспірімнің айналасында болған адамдардың суға батқандарға алғашқы медициналық көмек көрсетудің қыр-сырын білмегендігінен, балаға дер кезінде тиісті көмек көрсетілмеген, оның денсаулығына үлкен қауіп төнген. Сондықтан медицина маманының кәсіби көмегі қажет болды. Мен суға батқан баланың қасында дер кезінде және дәл уақытында табылғаныма өзімді бақытты сезінемін. Мен қарапайым азаматтарды кез келген ықтимал қиын жағдайларда зардап шеккендерге көмек көрсетудің негізгі дағдыларын үйренуге және меңгеруге шақырамын. Өйткені адамдардың көмегі кез келген уақытта қажет болуы мүмкін. Сол күні мен жағада болмаған жағдайда не болатынын тіпті елестете алмаймын. Дәрігердің кәсіби қызметі оның уақыт пен жағдайға қарамастан, ар-ожданның үнімен және медициналық этика қағидаларын басшылыққа ала отырып, өз міндеттерінің қалтқысыз орындалуын талап етеді. Аталған жағдайда мен тек дәрігерлік міндетімді атқардым деп ойлаймын", - деп түйіндеді сөзін дәрігер.

Кәмелетке толмаған баланы құтқару кезінде көрсеткен сауатты іс-әрекеттері мен ерлігі үшін Департамент басшысы Манарбек Шапағатов Төтенше жағдайлар министрінің тапсырмасымен Конституция күнін мерекелеу қарсаңында офтальмолог-дәрігер  Айнұр Жұмабекқызы Садырбалинаны "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" естелік медалімен салтанатты түрде марапаттады.

Айта кетейік, Айнұр Садырбалина әулетінде үшінші буындағы дәрігер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035666-ertis-ozenine-batyp-tynysy-toqtagan-zasospirimdi-koz-darigeri-aman-alyp-qaldy/

pixel