Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаңтар оқиғасы кезінде әрекетсіздік танытты деп айыпталған экс-полицейлерге сот үкімі шықты

Опубликовано:

Судья
Судья. Көрнекі фото: pexels.com

2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде әрекетсіздік танытты деп айыпталған экс-полицейлерге сот үкімі шықты. Бұл туралы Жамбыл облысы соттарының Facebook-тегі ресми парақшасында хабарланды.

Жамбыл облысы соттарының баспасөз қызметі мәліметінше, Тараз қаласының №2 сотында қаңтар оқиғасы кезінде Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігінің (Ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) және 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармақшасы (Қызметтегі әрекетсіздік) бойынша айыпталған 5 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта белгілі болғандай, 2022 жылы қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні Тараз қаласының полиция басқармасы мен Жамбыл облысының полиция департаментіне жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар шабуыл жасаған. Бұл ретте Ішкі істер органдары лауазымды тұлғаларының әрекетсіздігінен арттехқұрылғылар (тапаншалар, оқ-дәрілер, арнайы құралдар және т.б.) мүлкі ұрланып, жоғалған.

Салдарынан мемлекетке аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілген.

"Сот іс материалдарын зерделеп, Ш., Қ. З., О.-ның кінәлері жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, түрлі сараптамалардың қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденген деп анықтады", - делінген іс материалдарында.

Судья жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін жағдай ретінде сотталушылардың асырауында кәмелетке толмаған балалары барын есепке алды.

Ал ауырлататын жағдай ретінде қабылдаған антты бұзған адаммен төтенше жағдай және жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасауларын таныды.

Жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен сипатын ескере отырып, Ш., Қ., З. Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармақшасы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, оларға өмір бойы мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасуға тыйым салынды.

Сондай-ақ Жамбыл облысы соттарының баспасөз қызметі ақпаратынша, айыптау тарапымен З-ның іс-әрекеті екі бап бойынша қате сараланған. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша тағылған айып алынып тасталды.

"О-ның іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармақшасында (Қызметтегi әрекетсiздiк) көзделген белгілер болмауына байланысты сотпен оның іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 371-бабы 1-бөлігі (Салғырттық) бойынша қайта сараланып, аталған бап бойынша оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

02.11.2022 жылғы "Рақымшылық туралы" заңын қолданумен О. тағайындалған жазадан босатылды", - деді судья.

Ал Т.-ның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035749-sot-qantar-oqigasy-kezindegi-areketsizdik-usin-buryngy-policeilerge-ukim-sygardy/

pixel