Тоқаев жер сілкінісінен соң Марокко Короліне көңіл айтты
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Марокко Королі VI Мұхаммедке көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram арнасында хабарланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Марракеш-Сафи аймағында болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Король VI Мұхаммедке көңіл айтты.
"Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтардың және жеке өз атымнан Сізге, сондай-ақ бауырлас Марокко халқына көңіл айтамын", – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетелік, кеше Мароккода қуаты 7 балға жуық жер сілкінісі болып, 300-ден аса адам қаза тапқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035961-toqaev-zer-silkinisinen-son-marokko-koroline-konil-aitty/