Мәжіліс депутатының баласының коляскасын жағып жіберді деп күдікке ілінген азамат ұсталды
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің пәтерінің алдында тұрған колясканы өртеп жіберді деген күдікпен 32 жастағы азамат ұсталды. Бұл туралы Telegram-дағы ІІМ ресми жаңалықтар арнасы хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзінің отбасына қоқан-лоққыға ұқсайтын әрекеттер жасала бастағанын айтқан еді.
Оның сөзінше, белгісіз біреулер Алматыдағы пәтерінің алдында тұрған баласының коляскасын жағып жіберген.
"Осылай, ескі Қазақстанның өкілдері өзінің бар-жоғын ескертіп, білдіртіп отырғандай сезінесің. Не болса да тергеу қорытындысын күтейік", - деп жазған еді депутат желідегі ресми парақшасында.
Бүгін полиция жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен 1991 жылы туған Б. есімді азамат ұсталғанын хабарлады.
Құзырлы орган мәліметінше, бұл факті Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.
Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036070-deputat-baqytzan-bazarbektin-balasynyn-kolyaskasyn-zagyp-ziberdi-dep-kudikke-ilingen-azamat-ustaldy/