Елімізде мемлекеттік туды ғимарат пен балконға ілуге рұқсат берілмек
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚазақстан тұрғындарына мемлекеттік туды балкондар мен тұрғын үйлерде орналастыруға рұқсат етіледі. Тиісті қаулы жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.
Бүгін, 13 қыркүйек күні "Ашық НҚА" порталында Туризм және спорт министрлігі "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы жобасын жарияланған.
Құжат 27 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады.
Атап айтқанда, құжатта мемлекеттік туды министрлiктер мен президентке тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары, бағынысты мекемелері және аумақтық бөлiмшелері басшыларының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстанның шетелдегi мекемелерi басшыларының кабинеттерiнде және т.б. орналастыруға рұқсат етілген.
Оған қоса туды мектепке дейінгі және білім беру мекемесінде қоюға, жаңа оқу жылының ашылу, оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде пайдалануға рұқсат етіледі.
Мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, Қазақстанның оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын өзге де акционерлік қоғамдардың және ЖШС мемлекеттік рәміздерге арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайларда орналастырылуға рұқсат беру ұсынылған.
Мемлекеттік туды қорлау фактісіне мынадай әрекеттер жатады:
- физикалық түрде залал келтіру (жырту, жағу, өртеу, қасақана жерге тастау, таптау, қоқысқа лақтыру);
- коллаждар жасау арқылы мемлекеттік туды қорлау;
- тыйым салынған және мақсатқа сай емес жерлерде пайдалану;
- әлеуметтік желілерді қоса алғанда мемлекеттік туды көпшілік алдында мазақ етіп, балағаттау.
Бұдан бөлек, жеке тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда (үй-жайлардың бөлігінде, балкондарда) мемлекеттік туды тек 45 градусқа қисайтып орналастыруға рұқсат етіледі.
Құжатта жеке тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда орналастырылған мемлекеттік ту жерден 3 метрден төмен орналастырылмауы керек, ал ту өлшемі 1 х 2 метр болуға тиіс екені көрсетілген.
Құжатта Қазақстан елтаңбасын қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының және мөрлерінің геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайтыны жазылған.
Мемлекеттік ту әнұран мәтіні орналастырылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне арналған экспозиция үшін бөлінген үй-жайлар әсем безендірілуі керек және ол шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036477-elimizde-memlekettik-tudy-gimarat-pen-balkonga-iluge-ruqsat-berilmek/