Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысы Аққұм ауылының мұғалімдері "Күнделік" толтыру үшін көрші ауылға баруға мәжбүр

Опубликовано:

Мұғалім
Мұғалім. Көрнекі фото: pixabay.com

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Аққұм ауылының мұғалімдері электронды журнал "Күнделікті" толтыру үшін күнде көрші ауылға барып жүргендерін айтып, шағымданды. Олардың сөзінше, ауылда мобильді интернет жоқ, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна хабарлауынша, аққұмдық мұғалімдер оқушылардың бағасын электронды күнделікке енгізу үшін ондаған шақырым жол жүретінін айтқан.

Тілші мәліметінше, отыз шақты мұғалім сабақтан кейін такси жалдап, интернеті бар ауылдарға сабылады. Мұғалімдердің айтуынша, Аққұм ауылында ғаламторға жалғанған жалғыз компьютер тек мектепте ғана бар. Оның өзі айына 10 гигабайт шектеумен берілген.

"10 гигабайтты бізге 30 күнге жоспармен берген. Ол ары кетсе 3-4 күнге жетеді. Мәжбүрміз көрші ауылға баруға", - дейді мұғалім Алмасбек Сарман.

Телеарна дерегінше, Аққұмдағы 30-дан аса мұғалім жұмысы біткен соң, электронды журнал толтыру үшін бірі такси жалдап, бірі танысымен 10 шақырым жердегі интернеті бар Алтын төбе ауылын бетке алады. Ауыл мұғалімдерінің сөзінше, ноутбугымен көшеде отырып, бір күндік жұмысының есебін толтырады. Жауын-шашын кездері таныстарының үйін жағалайды. Ал күн сайын көрші ауылға барып келу - қып-қызыл шығын.

"Егер адам көп болса, 200 теңгеден шығарамыз. Бір өзің болсаң, мың теңге беремін күн сайын. Шамамен 500 теңге, мың теңгеден. Таныстар болса, арзан алады. Тоқсанның басында қорытынды есеп жасаймыз. Сонда біз түнгі сағат 12-ге дейін істейміз. Бала-шаға үйде қараусыз қалады. Не мектепте емеспіз, не үйде емеспіз. Жұрт күледі Аққұмның мұғалімдері сыған сияқты жүреді немесе қыдырып жүреді деп. "Бұларға рахат" дейді. Бізге рахат емес. Қараусыз бала-шаға. Мектепте отырсақ жақсы емес пе, көп нәрсе істейміз ғой. Уақыттың бәрі жолға кетеді. Қайтарда жаяу-жалпы қайтамыз", - дейді ауыл мұғалімі Құралай Қожабергенова.

Телеарна келтірген мәлімет бойынга жергілікті билік өкілдері Аққұмға орнатылған базалық станса дұрыс қойылмаған дейді. Оны жақсарту бойынша облысқа да бірнеше мәрте хат жолданыпты. Әзірге нәтиже жоқ. Сондықтан шенеуніктер шалғайдағы ауылға талшықты оптика желісін тартпайынша, интернет мәселесі шешілмейді деп отыр.

"Құдай қаласа, биыл және ағымдағы жылы және ендігі жылы оптика желісін жүргізеді. Сол кезде негізгі стансаның сапасы жақсарады деген үміттеміз, интернет желісінің. Егер оптика жүргізген кезде оптика желісін тарту арқылы модернизация жасап, 4G байланыс желісіне қосуға мүмкіндік болады", - дейді Қазығұрт ауданы әкімдігінің ұйымдастыру инспекторы Ерсайын Нұрлыбек.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036500-turkistan-oblysy-aqqum-auylynyn-mugalimderi-kundelik-toltyru-usin-kunde-korsi-auylga-barady/

pixel