Павлодар облысында ер адам бірінші сыныпта оқитын екі қызды мектеп аумағынан алып кетпек болған
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде Павлодар облысы тұрғынының видео үндеуі пайда болды. Әйелдің сөзінше, мас күйдегі ер адам бірінші сынып оқушыларын мектеп аумағынан алып кетпек болған. Бұл жайтқа қатысты Кенжекөл ауылының әкімдігі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Павлодарлық тұрғынның үндеуі Instagram-дағы "Типичный Павлодар" парақшасында жарияланды.
Видеода Павлодар облысының тұрғыны Кенжекөл ауылындағы мектеп аумағында болған оқиға туралы айтады.
Әйелдің айтуынша, сабақ біткеннен кейін бірінші сынып оқушылары ата-анасын күтіп тұрған кезде оның қызы мен құрбысына мас күйдегі белгісіз ер адам жақындап, балаларды алдап ертіп кетпек болған. Алайда сол сәтте әйелдің өзі келіп қалған.
Тұрғынның сөзінше, бұл оқиғадан кейін ол қызын мектепке жіберуге қорқады, сондықтан жергілікті билік өкілдерін білім ошағы аумағында қауіпсіздік шараларын күшейтуді сұрап отыр.
"Мен оны жіберуге қорқамын. Егер ер адам сол жерде (мектеп аумағында – ред.) жүрсе, онда ол мектепке де кіре алады деген сөз. Осы орайда Кенжекөл әкіміне, Павлодар облысының әкіміне, білім басқармасына үндеу жасағым келеді. Балаларды мектепке қорықпай жіберу үшін мектепке күзет қоюды сұраймын", - дейді ол.
Бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген Кенжекөл ауылы әкімдігінің мәліметінше, күдікті адам қазіргі таңда айықтырғышта отыр.
"14 қыркүйек күні сағат 14.30-да Кенжекөл ауылындағы 5 қабатты үйдің тұрғыны мектеп аумағында 1-сыныпта оқитын екі қызды ата-аналарының хабардар екенін, кейін алып кетеді деген желеумен, өзімен бірге жүруге көндіруге тырысқан. Қазіргі таңда бұл азамат Павлодар қаласындағы айықтырғышта. Тергеу басталды", - делінген хабарламада.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне бұл факті бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"14 қыркүйек күні сағат 18:00-де Павлодар қалалық полиция басқармасының Оңтүстік полиция бөлімінің кезекші бөліміне Кенжекөл ауылының тұрғыны жүгінді. Оның айтуынша, қызын масаң күйдегі белгісіз ер адам мектеп аумағынан алып кетпекші болған. Факті тіркеуге алынды. Күдіктінің жеке басы анықталды, ол 34 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты.
Ол есін жию үшін Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды. Аталған факті бойынша Павлодар қалалық полиция басқармасының полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", - деп хабарлады ведомстводан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036695-pavlodarlyq-aiel-birinsi-synypta-oqityn-qyzyn-mektep-aumagynan-belgisiz-adamnyn-alyp-ketpek-bolganyn-aityp-dabyl-qaqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.