Семейде толғағы қысқан әйел лифт ішінде босанды
Жарияланған күні:
Семейлік тұрғын тоқтап қалған лифт ішінде аман-есен босанды. Лифт ішінде толғағы қысқан әйелді тәжірибелі акушер босандырып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттік мәліметінше, бұл жағдай 3 қыркүйек күні облыстық перинаталдық орталықтың №1 ғимаратында болған. Бірақ ақпарат әлеуметтік желіде тек бүгін жарияланған.
Осы орайда облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Архат Құдайбердіұлы мән-жайды айтып берген.
"Жүкті әйелдерді акушердің сүйемелдеуімен жүкті әйелдер патологиясы бөлімшесінен перзентханаға ауыстыру кезінде осындай жағдай болды. 2-ден 4-ші қабатқа көтеріліп келе жатқан лифт кенет тоқтап қалған. Шұғыл түрде қызмет көрсететін ұйымнан лифтші шақырылды, ол келіп, бірден лифтті жөндеуге кірісті", - дейді Архат Құдайбердіұлы.
Оның сөзінше, лифт ішінде жүкті әйел мен перинаталдық орталықтың тәжірибелі акушері болған. Акушерге толғағы қысқан әйелді дәл лифтте босандырып алуға тура келген. Нәтижесінде салмағы 3460 грамм болатын ұл бала дүниеге келген.
Жағдайы жақсы болғандықтан әйел екінші күні нәрестесімен үйіне шығарылған. Оның перинаталдық орталыққа ешқандай шағымы жоқ.
Агенттік ақпаратынша, перзентханада лифттің аяқасты тоқтап қалуы алғаш рет емес. Биыл перинаталдық орталыққа парламент мәжілісінің депутаты келген кезде де лифт істемей қалған.
"№1 ғимараттың лифті 1988 жылы пайдалануға беріліп, жыл сайын тексеріліп тұрады. Осындағы 2 лифтті ауыстыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жобаға қаржы бекітіліп, биылғы жылдың 20 қазанында тиісті жұмыстар басталуы тиіс", - дейді бас дәрігер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036755-semeide-tolgagy-qysqan-aiel-lift-isinde-bosandy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.