Қайрат Боранбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды
Жарияланған күні:
Елордада өткен аппеляциялық сотта Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша сот үкімі шықты. Бұған дейін оған шыққан бас бостандығынан айыру үкімінің күші жойылған еді. Ал бүгін судья оған жаза мерзімін жаңадан тағайындады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қайрат Боранбаев пен басқа да айыпталушылардың кінәсін мойындағаннан, сондай-ақ "ҚазТрансГаз" АҚ-ның қаражатын жымқыру ісі бойынша келтірілген залалды өтеу туралы процессуалдық келісім жасалғаннан кейін сот кәсіпкердің 8 жылға бас бостандығынан айыру мерзімін жойып, 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.
"Қайрат Боранбаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы, 218-бабының 3-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. (...)
Боранбаевтың мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте, қаржылық жағдайды реттеу және бақылау, қадағалау жөніндегі уәкілетті органдарда, нарықтық және қаржылық ұйымдарда, квазимемлекеттік субъектілер секторында лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - делінген сот шешімінде.
Сондай-ақ сот оны 3 дәрежелі "Құрмет", "Еңбек сіңіргені үшін", "Парасат" және "Барыс" ордендерінен айыру туралы президентке ұсыныс енгізу туралы шешім қабылдады.
Сот шешімімен Боранбаевтың мүлкі тәркіленіп, мемлекетке қайтарылды:
- Алматы қаласы әл-Фараби даңғылындағы құны 686 млн теңге тұратын коммерциялық ғимарат пен жер учаскесі;
- 1 млрд 270 млн 190 мың теңге сомасында банк шотындағы қаражат;
- Халық банкіндегі түрлі шоттардағы 5 млн 685 мың 727 АҚШ доллары, 1 млн 170 мың 329 АҚШ доллары, 755 млн 859 мың 601 теңге, 193 млн 170 мың 137 теңге сомасындағы қаражат.
Одан бөлек сот осы іс бойынша "AsiaGasChundzha" компаниясының тең құрылтайшысы Роман Нахановтың мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте, соттарда, Ұлттық банкте, қаржылық ұйымдарда, квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне тыйым салып, 6 жылға бас бостандығынан айырды.
Сот "Qazaq Gaz" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақовты 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036810-qairat-boranbaev-6-zylga-sottaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.