Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Оққағарым да, сендер айтқан "братвам" да жоқ": Ринат Зайытов өзіне ақпараттық шабуыл басталғанын айтты

Опубликовано:

Ринат Зайытов
Ринат Зайытов. Фото: instagram.com/rinat_zaitov_resmi

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов өзіне психологиялық, ақпараттық шабуыл басталғанын, бұған оның алаяқтар туралы мәлімдемесі себеп болғанын айтты. Бұл туралы депутат Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады.

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов екпінді ақпараттық және психологиялық шабуыл басталғанын мәлімдеді.

"Оны өзім де күткенмін. Себебі, оған етім үйренген. Мұндай шабуылдар маған 2008, 2011, 2019-ыншы жылдары да жасалған. Жасырмаймын оңай емес.

Бірақ шыдауға тура келеді. Енді сіздерге бұл технология қалай жасақталатынын түсіндіруге тырысайын. Мысалы осы жолғы шабуылдың тақырыбы менің намаз оқып жүріп алаяқтық жасайтын адамдар жайлы айтқан сөзімді алға тартып, сол арқылы қоғамды маған қарсы қоймақ. Мақсаты белгілі. Біріншісі- мені қорқыту, екіншісі-менің жеке басыма қастандық жасалса, осы себептен екен дегізу. Сөз жоқ ақылды жүріс", -деді жазды мәжіліс депутаты.

Айтыскер ақын олар мақсатына жеткенше тоқтамайтынын атап өтті.

"Тәуекел. Маңдайға жазғанын көреміз... бәріне бірдей бір ғана жауабым бар.

Қадірлі ағайын, мен де өздеріңіз сияқты көп пенденің бірімін. Ешкімнен тығылып, ешкімнен қашып жүрген жоқпын. Қандай да бір айтарларыңыз болса, жауабын беруге дайынмын. Бар арманым елімнің дұрыс өмір сүргенін, отанымның гүлденгенін көру ғана. Ешбір топтың алдында тізерлеп кешірім сұрамаймын! Өйткені оған себеп көріп тұрған жоқпын. Әлеуметтік желі шулады екен деп, дірілдейтін қорқақтарың мен емес. Алға қойған нақты мақсатыммен жоспарым бар. Сол жұмыстарды бітіруім керек. Мәжіліс мінберінен халыққа берген антым бар. Берілген мерзім бес жыл. Сол бес жылымды халықтың мүддесін қорғауға арнаймын. Басқасы бір жаратқанның құзырында", - деді ол.

Ол жазбасының соңын WhatsApp желісіне шығып, қорқытпақ болған "батырсымақтарға" арнады.

"Сендерден шошып жүретін жағдайым жоқ. Аптасына бес күн жұмысқа жаяу барып, жаяу келемін. Қылатындарыңды қылып алыңдар. Оққағарым да, сендер айтқан "братвам" да жоқ. Сенгенім бір Құдай", - деді Ринат Зайытов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037007-oqqagarym-da-sender-aitqan-bratvam-da-zoq-raiytov-ozine-aqparattyq-sabuyl-bastalganyn-aitty/

pixel