Алматыда Ботаникалық бақтың жанында 170 млн теңгеге автотұрақ салу жоспарлануда
Жарияланған күні:
Читать на русскомАлматыда Ботаникалық бақтың жанында автотұрақ салынуы мүмкін. Мемлекеттік сатып алу сайтында автотұрақ салу бойынша лот пайда болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Тапсырыс беруші – Алматы қалалық мобильділік басқармасы. Лот сомасы 170 659 723 теңге. Өтінімдерді қабылдау 20 қыркүйекте аяқталады.
"Жобалау тапсырмасына сәйкес, жұмыс жобасында Ботаникалық бақтың оңтүстік кіреберісінен жазық кеңістікте 150 орындық ашық автотұрақ салу қарастырылған.
Ботаникалық бақтың оңтүстік кіреберісінде автотұрақ салу қажеттілігі бақшаға келушілерге арналған автотұрақтың болмауынан туындаған. Негізгі мақсат – Ботаникалық бақ қызметкерлері мен келушілердің көліктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету", — деп жазылған мемлекеттік сатып алу сайтында ұсынылған құжаттарда.
Сондай-ақ көлік тұрағында арнайы велосипед қоятын орындар да қарастырылған.
Құжатта құрылысқа байланысты төрт ағаштың кесіліп жатқаны да жазылған. Тағы бес ағаш пен төрт бұта қайта отырғызылады.
"Биіктігі шамамен 2,5 метр жапырақты ағаштардың 40 көшетін отырғызу арқылы ағаштарды қалпына келтіру шараларын жүргізу қажет. Құрылыс аяқталғаннан кейін аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Құрылыстың жалпы ұзақтығы төрт ай", — делінген құжатта.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037251-almatyda-botanikalyq-baqtyn-zanynda-170-million-tengege-avtoturaq-salu-zosparlanuda/