Шымкентте 5 өнеркәсіптік аймақта 337 жоба іске асырылуда
Жарияланған күні:
Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, қала аумағында жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Онда 358 млрд теңге сомасына 337 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, бүгінгі таңға 216 млрд теңгені құрайтын 273 нақты жұмыс істеп жатыр. Онда 8 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орны құрылған.
Бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында 95,9 млрд теңгеге 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарымен 95 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 76 кәсіпорын іске қосылып, онда 2,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды және оған 91,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл индустриалды аймақта 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Инвестициялық құны – 1,4 млрд теңге. Жоспарға сәйкес, биыл 99 жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс.
«Оңтүстік» индустриалды аймағында 1 теңге бюджеттік инвестицияға 10 теңге жеке инвестиция тартылды. Жалпы аймақ жұмыс ашылғалы бері ондағы компаниялар бюджетке 36,3 млрд теңге салық төленген. Иинфрақұрылымға жұмсалған қаржы 6,9 млрд теңге екенін ескерсек, бұл аймақтың тиімділігі жоғары деген сөз.
Ал «Тассай» индустриалды аймағында 50,7 млрд теңгеге 2,6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнымен 43 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 36,7 млрд теңге инвестиция тартыла отырып ашылған 24 зауыт-фабрика нақты өнімдерін шығарып жатыр. Онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орындары ашылған. «Тассайда» биыл 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Инвестициялық құны 7,4 млрд теңге құрайтын бұл жобалар 290 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл аймақты ашуға бюджет әр 1 теңге қаржыға 35 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы, «Тассай» индустриалды аймағы ашылғалы бері онда жұмыс істеп жатқан компаниялар бюджетке 6,8 млрд теңге салық төлеген.
Шымкенттің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын тағы бір өнеркәсіптік аймақ – сауда-логистикалық орталығы. Мұнда 43,5 млрд теңгеге 8 жоба жүзеге асырылуда. Онда 660 жұмыс орнын құру көзделген. Бүгінде 24,5 млрд теңгеге 285 жұмыс орнын құрумен 3 жоба жүзеге асырылған.
Мұнда 1 теңге бюджеттік инвестицияға 15 теңге жеке инвестиция тартылды. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері аймақ қатысушылары бюджетке 5,2 млрд теңге салық төленгенін айта кетуге болады.
Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтың инвестициялық қоржыны жалпы құны 166,6 млрд теңге болатын 58 жобадан тұрады, олар 5,7 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция көлемі 58,4 млрд теңге тұратын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды.
Мұнда да 1 теңге бюджеттік инвестицияға 15 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері аймақ қатысушылары бюджетке 9,6 млрд теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037274-symkentte-5-onerkasiptik-aimaqta-337-zoba-iske-asyryluda/