Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дикий Арман" мен Қайрат Құдайбергеннің ісі: сот отырысы жабық режимде өтеді

Жарияланған күні:

Читать на русском
Арман Жұмагелдиев
Арман Жұмагелдиев. Фото: instagram.com/armandzhumageldiev

Қаңтар оқиғасына қатысты "Дикий Арман" мен Қайрат Құдайбергеннің ісі сотқа қатысушылардың қауіпсіздігі мақсатында жабық түрдегі қарауға ауыстырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мұндай шешімді мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот судьясы Асхат Әшірбеков шығарды.

Өздерінің және туыстарының өміріне қауіп төніп тұрғанын жеткізген жәбірленушілер бұған дейін процесті тоқтату туралы арыз жазған болатын.

Сонымен қатар сот Қайрат Құдайберген, Арман Жұмагелдиев және тағы бірқатар айыпталушыны үйқамаққа ауыстырудан, қорғаушылардың уәждерінің негізсіздігін алға тартып, істі прокурорға қайтарудан бас тартты.

Бұдан бөлек қорғаушылар Жұмагелдиев пен Үсеновті ҰҚК-нің тергеу изоляторынан 72-ші тергеу изоляторына ауыстыру туралы өтініш түсірген, бірақ олар қабылданбаған.

Алматы соттарының Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2023 жылғы 21 қыркүйегінде Арман Жұмагелдиев, Қайрат Құдайберген және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды. Сот мәліметінше, айыпталушылардың жалпы саны - 45 адам.

"Оларға "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" (ҚК 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу (ҚК 262-бап), қарақшылық шабуыл (ҚК 191-бап), заңсыз бас бостандығынан айыру (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК 272-бап), бандитизм (ҚК 268-бап) бойынша айыптар тағылды", - делінген сот хабарламасында.

Отырыс барысында сотқа процеске қатысушылардан сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту және жою, қылмыстық істі қайтару және тоқтату, жақын туыстарын қорғаушы ретінде тану туралы жүзден астам өтінішхат түскені мәлім етілді.

"Сондай-ақ іс бойынша 10 жәбірленуші, бір куә және бір сотталушы тарап, сот отырысын жабық түрде өткізуді сұрады. Олар өз өмірлері мен отбасылары мен жақындарының қауіпсіздігі үшін қауіптенетіндерін білдірді. Бұл өтініштерді сот қанағаттандырды", - делінген хабарламада.

Басты сот отырысы 6 қазанға белгіленгені атап өтілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037583-dikii-arman-men-qairat-qudaibergennin-isi-zabyq-turde-qaralatyn-boldy/