"Мен ойлағаннан да мүлде басқа ел болып шықты": қазақшаға судай анголалық жігіт Қазақстан жайлы алғаш естігенде қорыққан
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы айдың басында Алматы облысына жұмыс сапары кезінде Қаскелең қаласындағы Сүлеймен Демирел университетін аралап, студенттермен кездескен еді. Кездесу кезінде аталған университеттің 4-курс студенті Элиша Ферейра президентпен қазақ тілінде сөйлесіп, көпшілікті тәнті еткен болатын. Осы орайда Түркістан басылымының тілшісі Элишаға хабарласып, Қазақстанға қалай келгенін, қазақ тілін қалай үйренгенін сұрап, аз-кем сұхбаттасқан.
Басылым жазуынша, Элиша Солтүстік Лунда аймағының орталығы саналатын Лукапа қаласында дүниеге келген. Кейін отбасымен бірге Сауримо қаласына қоныс аударған. Одан кейін ел астанасы – Луандада тұрақтап қалған. Көпбалалы отбасынан шыққан (төрт ұл, бес қыз). Қазір Сүлеймен Демирел университетінде математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатыр. Келесі жылы бітіреді.
Элиша Сүлеймен Демирел университеті ұйымдастырған халықаралық олимпиадада жүлдегер атанып, Қазақстанда оқу мүмкіндігіне ие болған.
Ол олимпиадаға қатысқанға дейін Қазақстан туралы мүлде естімегенін айтады.
"Грантты жеңіп алған кезде мектептегі мұғалімім СДУ туралы мәлімет айтып берді. Дегенмен әдепкіде университеттің Қазақстанда орналасқанын естігенде қорыққанымды мойындаймын. Өйткені біз, африкалықтар Ауғанстан, Пәкістан елдерінде қақтығыс көп болатынын естіп-көрген соң, "стан" деген жалғауы бар аймақтар қауіпті деп ойлайтын едік.
Сол секілді бастапқыда Қазақстанда да сондай жағдай шығар деп ойлаған едім. Алайда тәуекелге бел буып, осында оқуға келдім. Сөйтсем, бекерге қорыққан екенмін. Қазақстан мен ойлағаннан да мүлде басқа ел болып шықты. Бірінші күннен-ақ қатты ұнады. Ел туралы естіген бөлек, ал көзбен көрген тіпті басқаша екен.
Әсіресе, Алматының әсем табиғаты мен асқар таулары кімді болса да таңғалдырмай қоймайды. Алайда мен келген кезде күн суық болды. Ондай суықты өмірімде көрмегенмін. Осыншалық суық бола ма деп аң-таң болдым. Білемін, Астана Алматыдан да суық. Астананың суығы туралы көп естідім. Мен онда болғанмын, бірақ көктем кезінде ғана бардым. Көбі "Астанаға қыста барып көруің керек" деп айтады. Бірақ мен ондай суық аймаққа күн жылы кезде ғана барамын (жымиып)", - дейді ол.
Элиша қазақ тілін қалай үйренгеніне де тоқталды.
"СДУ-ге түскен шетелдік студенттерді бірінші жылы қазақ тілін оқуға міндеттейді. Бірінші жылы қазақ тілін базалық деңгейде меңгердім. Сосын күн сайын достарыммен қазақша сөйлесіп, сөздер жаттап, жетілдіріп алдым. Қазақша кино көп көрдім. Әуен тыңдадым. Негізінен мен шет тілдерін үйренгенді жақсы көремін. Полиглотпын. Өзім туып-өскен аймақта жиі қолданылатын африка, португал тілдерінен бөлек, ағылшын, түрік, қазақ және орыс тілдерін білемін.
Қазақ тілін үйрену сондай қиын болды деп айта алмаймын. Дегенмен кирилл әліпбиін жазып үйрену оңай болмады. Ә, қ, ғ, ө, ұ, ү дыбыстарын дұрыс дыбыстау үшін көп жаттықтым. Алайда бірте-бірте бәрін үйреніп алдым. Қазақшамды жетілдіруге септігін тигізген тағы бір фактор – бізге қазақ тілін білікті мамандар үйретті. Олар бәрін анық әрі қарапайым тілде түсіндірді. Сондықтан олардың бұл іске қосқан үлесі мол. Өзімнің де ынтам жоғары болды", - дейді анголалық жігіт.
Сондай-ақ Элиша Қазақстанда тұрған үш жыл ішінде екі ел арасында қандай ұқсастықтарды байқағанын айтты.
"Мені таңғалдырған бір нәрсе – Қазақстандағы аналар біздікі секілді үнемі шыр-пыр болып, қолы тимей жүреді екен. Біздегідей олар алты-жеті адамға тамақ әзірлеп, оларды тамақтандырады. Содан соң балалардың сабағын қадағалап, арасында "Балам, мені тыңда!", "Мына бетті аш дедім ғой" деп айқайлап отырады (күліп). Африкалық аналар да осылай. Үлкенге құрмет көрсету дәстүрі бізде де қатаң сақталған. Тағы бір ұқсайтын жері, бір дастарқан басында төрт көзі түгел болып тамақтануы. Қазақстанда үлкендер тамақ ішуді бастамайынша кішілер тамаққа қолын тигізбейді екен. Бұл мәдениет маған қатты ұнады", - дейді ол.
Сонымен қатар сұхбат барысында Элиша президентпен кездесуде неліктен өзін "Қоңыратпын" деп айтқанын түсіндірген.
"Менің руым – Қоңырат қой (күліп). Достарыма үнемі "Мен – қазақпын" деп айтып, қалжыңдасамын. Бірде олар "Қазақ болу үшін белгілі бір руға кіруің керек" деді. Мен ойланбастан "Қоңыратпын" дедім. Неге Қоңырат десеңіз, алғаш рет осында келгенде дене шынықтыру пәнінен беретін ағайым маған "Ой, сен Қоңыратсың. Өзімізсің" деп айтқан еді. Маған да оның бұлай қалжыңдағаны ұнап қалды. Содан соң оның руды меңзеп тұрғанын түсіндім. Содан бері бәріне "Менің руым – Қоңырат" деп айтамын", - дейді Элиша күліп.
Элиша мемлекет басшысымен қазақша сөйлескен видеосынан кейін танымал бола бастаған. Тіпті хабарласып, сұхбаттасуға шақырғандар көбейген. Ал желі қолданушылары қазақ тілін жетік білгеніне ризашылығын білдіріп, жылы лебіздерін жазған.
Десе де Элиша келесі жылы оқу бітірген соң Анголаға қайтып, өз елі үшін еңбек еткісі келетінін айтады.
Элиша Ферейраның мемлекет басшысымен қазақ тілінде сөйлескен сәті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037875-men-oilagannan-da-mulde-basqa-el-bolyp-syqty-qazaqsaga-sudai-afrikalyq-zigit-qazaqstan-zaily-algas-estigende-qoryqqanyn-aitty/