jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Гүлмира Ерубаева
Гүлмира Ерубаева
Контент-ресечер

"Мен ойлағаннан да мүлде басқа ел бо­лып шықты": қазақшаға судай анголалық жігіт Қазақстан жайлы алғаш естігенде қорыққан

Элиша Ферейра
Элиша Ферейра. Фото : Түркістан басылымы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы айдың басында Алматы облысына жұмыс сапары кезінде Қаскелең қаласындағы Сүлеймен Демирел университетін аралап, студенттермен кездескен еді. Кездесу кезінде аталған университеттің 4-курс студенті Элиша Ферейра президентпен қазақ тілінде сөйлесіп, көпшілікті тәнті еткен болатын. Осы орайда Түркістан басылымының тілшісі Элишаға хабарласып, Қазақстанға қалай келгенін, қазақ тілін қалай үйренгенін сұрап, аз-кем сұхбаттасқан.

Басылым жазуынша, Элиша Солтүстік Лунда аймағының ор­­­талығы саналатын Лукапа қаласында дү­ниеге келген. Кейін отбасымен бірге Сау­римо қаласына қоныс аударған. Одан кейін ел астанасы – Луандада тұрақтап қалған. Көпбалалы отбасынан шыққан (төрт ұл, бес қыз). Қазір Сүлеймен Де­мирел университетінде математика пә­ні­нің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатыр. Келесі жылы бітіреді.

Элиша Сүлеймен Демирел университеті ұйым­дастырған халықаралық олимпиадада жүл­дегер атанып, Қазақстанда оқу мүмкін­ді­гіне ие болған.

Ол олимпиадаға қатысқанға дейін Қа­­зақстан туралы мүлде естімегенін айтады.

"Грантты жеңіп алған кезде мектептегі мұғалімім СДУ туралы мәлімет айтып берді. Дегенмен әдепкіде уни­верситеттің Қазақстанда орналасқанын ес­тігенде қорыққанымды мойындаймын. Өйт­кені біз, африкалықтар Ауғанстан, Пә­кі­стан елдерінде қақтығыс көп болатынын ес­тіп-көрген соң, "стан" деген жалғауы бар аймақтар қауіпті деп ойлайтын едік.

Сол секілді бастапқыда Қазақстанда да сондай жағ­дай шығар деп ойлаған едім. Алайда тәуе­келге бел буып, осында оқуға келдім. Сөйтсем, бекерге қорыққан екенмін. Қазақ­стан мен ойлағаннан да мүлде басқа ел бо­лып шықты. Бірінші күннен-ақ қатты ұна­ды. Ел туралы естіген бөлек, ал көзбен көр­ген тіпті басқаша екен.

Әсіресе, Алма­ты­ның әсем табиғаты мен асқар таулары кімді болса да таңғалдырмай қоймайды. Алайда мен келген кезде күн суық болды. Ондай суықты өмірімде көрмегенмін. Осыншалық суық бола ма деп аң-таң болдым. Білемін, Астана Алматыдан да суық. Астананың суығы туралы көп естідім. Мен онда болғанмын, бірақ көктем кезінде ғана бар­дым. Көбі "Астанаға қыста барып көруің керек" деп айтады. Бірақ мен ондай суық аймаққа күн жылы кезде ғана бара­мын (жымиып)", - дейді ол.

Элиша қазақ тілін қалай үйренгеніне де тоқталды.

"СДУ-ге түскен шет­елдік студенттерді бірін­ші жылы қазақ тілін оқуға міндеттейді. Бірін­ші жылы қазақ тілін базалық деңгейде меңгердім. Сосын күн сайын дос­тарыммен қазақша сөйлесіп, сөздер жаттап, жетілдіріп алдым. Қазақша кино көп көрдім. Әуен тың­дадым. Негі­зі­нен мен шет тілдерін үйренгенді жақсы кө­ремін. Полиглотпын. Өзім туып-өскен аймақта жиі қолданылатын африка, португал тілдерінен бөлек, ағылшын, түрік, қазақ және орыс тілдерін білемін.

Қазақ тілін үйрену сондай қиын бол­ды деп айта алмаймын. Дегенмен ки­рилл әліпбиін жазып үйрену оңай болмады. Ә, қ, ғ, ө, ұ, ү ды­быс­­­тарын дұрыс дыбыстау үшін көп жат­тықтым. Алайда бірте-бірте бәрін үйреніп ал­дым. Қазақшамды жетілдіруге септігін тигіз­ген тағы бір фактор – бізге қазақ тілін бі­лікті мамандар үйретті. Олар бәрін анық әрі қарапайым тілде түсіндірді. Сондықтан олардың бұл іске қосқан үлесі мол. Өзімнің де ынтам жоғары болды", - дейді анголалық жігіт.

Сондай-ақ Элиша Қазақстанда тұрған үш жыл ішін­де екі ел арасында қандай ұқсастықтарды байқағанын айтты.

"Мені таңғалдырған бір нәрсе – Қа­зақ­­­­стандағы аналар біздікі секілді үнемі шыр-пыр болып, қолы тимей жүреді екен. Біздегідей олар алты-жеті адамға тамақ әзірлеп, оларды тамақтандырады. Содан соң балалардың сабағын қадағалап, ара­сын­да "Балам, мені тыңда!", "Мына бетті аш де­дім ғой" деп айқайлап отырады (күліп). Аф­­ри­ка­лық аналар да осылай. Үлкенге құр­­мет көр­сету дәстүрі бізде де қатаң сақ­тал­­ған. Та­ғы бір ұқсайтын жері, бір дас­­тар­қан ба­сында төрт көзі түгел болып та­мақ­тануы. Қа­­­зақстанда үлкендер тамақ ішуді бас­та­майын­ша кішілер тамаққа қолын тигізбейді екен. Бұл мәдениет маған қатты ұнады", - дейді ол.

Сонымен қатар сұхбат барысында Элиша президентпен кездесуде неліктен өзін "Қоңыратпын" деп айт­­қанын түсіндірген.

"Менің руым – Қоңырат қой (күліп). Дос­тарыма үнемі "Мен – қазақпын" деп ай­­­тып, қалжыңдасамын. Бірде олар "Қазақ болу үшін белгілі бір руға кіруің керек" деді. Мен ойланбастан "Қоңыратпын" дедім. Неге Қоңырат десеңіз, алғаш рет осында кел­генде дене шынықтыру пәнінен беретін ағайым маған "Ой, сен Қоңыратсың. Өзі­міз­­сің" деп айтқан еді. Маған да оның бұ­­лай қалжыңдағаны ұнап қалды. Содан соң оның руды меңзеп тұрғанын түсіндім. Со­дан бері бәріне "Менің руым – Қоңырат" деп айтамын", - дейді Элиша күліп.

Элиша мемлекет басшысымен қазақша сөйлескен видеосынан кейін танымал бола бастаған. Тіпті хабарласып, сұхбаттасуға ша­қыр­ғандар көбейген. Ал желі қолданушылары қа­­зақ тілін жетік білгеніне ризашылығын біл­­діріп, жылы лебіздерін жазған.

Десе де Элиша келесі жылы оқу бітірген соң Анголаға қайтып, өз елі үшін ең­бек еткісі келетінін айтады.

Элиша Ферейраның мемлекет басшысымен қазақ тілінде сөйлескен сәті.

"Мен ойлағаннан да мүлде басқа ел бо­лып шықты": қазақшаға судай анголалық жігіт Қазақстан жайлы алғаш естігенде қорыққан

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.