Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"300 мың қылсақ жақсы болар еді": Жақыпова депутаттың ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру туралы ұсынысына пікір білдірді

Опубликовано:

Қағаз ақша және тиын
Ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәжіліс депутаты Ринат Заитов ұсынғандай елімізде ең төменгі жалақы мөлшерін 300 мың теңгеге дейін көтеруге бола ма деген сұраққа жауап берді, хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Светлана Жақыпова неліктен Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге дейін көтерілетінін, бірақ одан аспайтынын түсіндірді.

"Біріншіден, 2018 жылға дейін ең төменгі жалақы мөлшері 28 мың теңге шамасында болған кезде, біз бұл ең төменгі жалақы мөлшерін әлеуметтік ең төменгі стандарт ретінде бекіттік. Яғни, осы сомадан төмен жалақы төленбеуі керек.

2018 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеге өсті, кейін 60, 70 (мың теңге – ред.) болды. Келесі жылы 85 мың теңге болады. Бұл мөлшерді ең төменгі әлеуметтік стандарт ретінде қабылдауымыз керек және ешбір жұмыс беруші бұл мөлшерден төмен төлемеуі керек. Бұл – барлық қазақстандық тек ең төменгі жалақыны алады деген сөз емес.

Әрине, Қазақстанда ең төменгі жалақыны 300 мың теңге қылсақ жақсы болар еді. Бірақ біз шағын және орта бизнесті де ойлауымыз керек. Өйткені олар ең төменгі жалақыны ғана емес оған қоса міндетті төлемдерді де төлеуі керек. Бұл бизнес үшін ауыр жүктеме", - дейді министр.

Сондай-ақ Светлана Жақыпова ең төменгі жалақы мөлшері қызметкердің қандай да бір біліктілік талабына қарамастан төленетінін атап өтті.

"Яғни, құзыреттілікке, тәжірибеге, білімге қойылатын талаптар жоқ", - дейді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038220-300-myn-qylsaq-zaqsy-bolar-edi-zaqypova-deputattyn-en-tomengi-zalaqy-molserin-koteru-turaly-usynysyna-pikir-bildirdi/

pixel